Маңғыстау облысындағы жолға ақылы жүйе енгізілді

423

Республикалық маңызы бар “Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы” автожолы бұдан былай ақылы болады. 

Маңғыстау облысындағы жолға ақылы жүйе енгізілді Фото: inbusiness.kz

Көлік министрінің бұйрығына сәйкес, 9 қазаннан бастап күрежол ақылы тас жол жүйесіне енді. "ҚазАвтоЖол" Акционерлік қоғам Маңғыстау облыстық филиалының директоры Айбек Ануарбековтың айтуынша, 2 және 3 техникалық санаттағы 1060 шақырым автомобиль жолдарының 5 бөлігінде ақылы жол енгізіледі. Атап айтқанда, "Павлодар-Семей-Қалбатау", "Бейнеу-Ақжігіт", "Орал-Самара", "Павлодар-Омбы", "Көкшетау-Петропавл". Бұдан басқа, 6-шы учаске бойынша  ақылы жолды енгізу  бұйрығы келісілуде. 

Сондай-ақ, бүгінгі таңда ақы енгізуге байланысты "Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы" бойында, 84 шақырымға бір стационарлық бақылау пункті және 85 шақырымда орналасқан жылыту пунктінің ғимаратында клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі бір орталық орнатылды. 
Әр учаске бойынша автокөліктерден алынатын төлемақы жолдың техникалық санатына байланысты болмақ. 

"Аталған автожолда жеңіл көліктер төлемнен босатылады, тек 2-6 санатқа жататын жүк көліктерінен ақы алынады. Ақылы жолдармен жол жүру ақысын төлеу тәсілдері бар. Арнайы төлем QR арқылы жүзеге асады. 16 орынға дейінгі автобустар және 1 – ден 2,5 тн-ға дейінгі жүк көліктері үшін айына 1 АЕК, 32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тн дейінгі жүк көліктері үшін айына 2 АЕК, ал 32 орыннан жоғары автобустар және 10 тн дейінгі жүк көліктері үшін айына 3 АЕК төлейтін болады. Сондай-ақ, 10-нан 15 тоннаға дейін жүк көліктері үшін айына 4 АЕК алынса, 15-тен 25 тоннаға дейінгі жүк көліктері айына 5 АЕК төлеу керек. Сонымен қатар, ақы төлеу екінші деңгейдегі банктердің POS терминалдары арқылы да жүзеге асады",- дейді департамент директорының орынбасары Мерей Шахарбаев.               

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу