Ақтау қаласының жаңа шағын аудандарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 100 Гкал/сағ қазандық құрылысының жобасына мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдету қажет. Қазандықтарды газбен қамтамасыз ету тағы бар.
Бұл мәселелер бойынша шұғыл және нақты шешімдер қабылдау қажеттігін атап өткен облыс әкімі қала және аудан әкімдерінің алдағы жылыту маусымына тиісті дайындықтары үшін атқарған жұмыстарын сынға алды.
"Қыс таяп қалды. Оған мұқият дайындықты бастау керек. Жылыту маусымына аз уақыт қалды. Бірақ әлі шешілмеген мәселелер бар. Бұл біздің кейбір әріптестеріміздің жауапкершілікті толықтай түсінбейтінін білдіреді. Ертең тұрғындардан шағымдар түсе бастағанда, әкімдердің жұмысы сынға түседі. Сондықтан да облыс халқын жылумен сапалы қамтамасыз ету үшін бұл мәселелерді жедел шешу қажет", – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Облысты алдағы жылыту маусымына дайындау үшін ұзындығы 2 700-дей шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ 554 шақырым электрмен жабдықтау желілері жөнделген.
"Ақтау қаласының 15, 20, 28а, 33 шағын аудандарының тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында бес модульдік жылу қазандығы қыркүйек айының соңына дейін жеткізіледі. Төрт БМҚ және бір мобильді қазандық сатып алынады. Ақтау қаласының 6 шағын ауданында жылу желілерін жаңғырту бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, мердігер анықталды. Қаражат бөлінуіне қарай жұмысты бастау жоспарлануда", – деді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев.
Тасым Жаңай