Маңғыстау зиялылары Бозжыра құрылысын қолдап хат жазды

1880

Олар жоба өңірді өркендетіп, кәсіпкерлікті дамытады деп сенеді.

Маңғыстау зиялылары Бозжыра құрылысын қолдап хат жазды

Маңғыстау облысының бір топ зиялы қауымы ҚР президентіне Бозжырада құрылыс салу жобасын қолдап хат жазды. Бұл жөнінде Facebook парақшасында ҚР премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі Ербол Еділов жазған, деп хабарлайды inbusiness.kz  тілшісі. 

"Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Біз, маңғыстаулық зиялы қауым өкілдері, ата–бабаларымыздың және келешек ұрпағымыздың алдындағы міндеттер мен жауапкершілігімізді сезіне отырып, Өзіңізге үндеу жолдаймыз. Маңғыстау өңірі – Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың бірі екендігі әйгілі. 

Биыл теңіз жағалауында бес жұлдызды Rixos қонақүйінің ашылуымен, өңірге келген туристер саны артты. Келген саяхаттаушылар Маңғыстаудың табиғи жерлерін де аралап, әсіресе, Бозжыра шатқалына қызығушылық танытуда. Өзіңізге белгілі, инвесторлар тарапынан Бозжыра аумағында жаңа  туризм нысанын салуға ұсыныс түсіп, бүгінгі таңда қоғам тарапынан талқылануда. Біз қасиетті қанмен қорғалған киелі топырақтың құтын қашыруға жол бермеуіміз керек. Ол - ұрпаққа аманат. "Жабайы" туризмге тоқтау салынуы керек. Сондықтан, Сіздің тапсырмаңыз бойынша арнайы ғалымдардан құралған топ Бозжыра аймағына, оның флорасы мен фаунасына зиян келтірмейтін жобаны іске асыруға болады деген қорытындыға келді.  Бұл шешім халықтың жүрегіне жол тапқаны сөзсіз", - деп жазылған үндеу хатта. 

Оған қол қойғандар бұл жоба өңірді өркендетуге оң әсерін тигізетініне сенімді және оған бірнеше дәлел келтіреді.

"Біріншіден, мұнайға ғана тәуелділікті жойып, туризмді дамыту арқылы экономикамызды өркендетеміз. Шағын және орта бизнестің дамуына, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылуына жол ашамыз. Қонақ үй құрылысы жұмысы басталса, осы маңдағы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.

Екіншіден, бұл кешен туристердің Бозжыраға өз бетінше бейберекет барып, табиғатқа орасан зиян келтіруіне тосқауыл болады.

Бозжыра жобасы "елдің дамуы үшін керек" деген зиялы қауым "Маңғыстаулықтар мамандармен тыңғылықты талқыланған, сарапталған, нақтыланған жобаның іске асырылуын дұрыс деп біледі және қолдайды!", - деп жазған.

Оған қол қойғандар қатарында ақын-жазушылар Бектұр Төлеуғалиев, Сабыр Адай, Светқали Нұржан, Ғалым Әріп, Әнуар Өтегенов, Әнуар Бимағамбет, Сұлтанбек Құдайберген, депутаттар Еділ Жаңбыршин, Самат Мұсабаев, қоғам белсендісі Сақып Керелбаев, эколог Орынбасар Тоғжанов, тарихшы-өлкентаушы Отыншы Қошбай мен Андрей Астафьев, журналист Қожахмет Демеубергенұлы бар. 

Үндеу хатты жергілікті тұрғындар тегіс қолдап отыр деу қиын. Егер өткен жылы экобелсенді Ажар Жандосованың Бозжырада VIP-отель салуға қарсы болған ашық хатына қол қоюға шақырғандар көп болса, бұл жолы зиялыларға реніш білдірген пікірлер айтылуда.  

Құралай Қуатова 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу