Маңғыстаудың құмды, ойлы-қырлы даласында әртүрлі маркадағы темір тұлпарлар мен олардың экипаж мүшелерінің шеберлігі сыналды. Ралли-рейд ежелде "Ұлы Жібек жолы" керуен жолы жүрген, теңіз деңгейінен 132 метр төменде орналасқан, әлемде тереңдігі жөнінен 4-орын алатын Қарақия ойпаты арқылы өтті, деп хабарлайды egemen.kz.
Әлемдік авто-доданың Маңғыстауда өтуі, біріншіден, сайыс үшін қызықты болса, екіншіден, киелі өңірдің сұлу табиғатын, тарихи орындары мен мәдениетін өзге елдерге танытуға жасалған мүмкіндік. Маңғыстауда өткен "Ралли Қазақстан-2017" ралли-рейд әлем кубогының бесінші кезеңі ЭКСПО-2017 көрмесінің құрметіне орайластырылды. Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және еліміздің автомотоспорт федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан сайысқа Қазақстанмен бірге, Саудия, БАӘ, Катар, Ресей, Украина, Польша, Литва, Германия, Чехия, Белоруссия, Нидерланд, Словения, Франция елдерінен 25 экипаж, 50 спортшы қатысты.
Алдымен Ақтау қаласында теңіз жағалауында салтанатты ашылуы өткен сайыс алты кезеңнен тұрды және бір аптаға созылды. Барлығы 2494 шақырымдық жарыс жолының 1846 шақырымы жедел жүру аймақтары болды. Темір тұлпарларды тізгіндеген спортшылар Каспий теңізінің батыс жағалауын бойлай жүріп өтті. Кең даланы қою шаңға орап, жапанда құйындата жүйткіген жарыста шығыстағы ралли жарысының 12 дүркін жеңімпазы, FIA әлем кубогының жеті мәрте чемпионы катарлық автошабандоз Нассер Әл-Аттия бес күн бойы көш бастап, осы авто-аламанның жеңімпазы атанды. Жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, Қазақстанның, Маңғыстаудың ерекше әсер еткенін айтқан Нассер Әл-Аттия сайыста сағатына 180-185 шақырымға дейін жүріп, барлығы 2200 шақырым жолды артқа тастаған. Авто-аламандағы қазақстандық топтың да жетістіктері жаман емес. Еліміздің атынан алты команда қатысып, жалпы есепте 5-орыннан көрінді. Қазақ даласында темір тұлпарлармен сайысқа түскен кәсіби спортшылар енді ралли-рейдті Италия, Испания, Венгрия, Польша, Марокко, Португалияда жалғастырып, биылғы жылдың қазан айына дейін жарысқа түспекші.