Маңғыстауда 1-сыныпқа 20 мың бала барады

737

Маңғыстау облысында балаларды 1-сыныпқа қабылдау 1 тамызға дейін жүргізіледі. Әзірге 16 628 бала қабылданды. 

Маңғыстауда 1-сыныпқа 20 мың бала барады

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаеваның айтуынша, алдағы оқу жылында 1-сыныпқа облыс бойынша 20 030 бала қабылдау жоспарланған. Қазір межелі көрсеткіштің 83%-ға орындалып үлгерді. Мектеп табалдырығын алғаш аттаушылардың дені, яғни 15 мыңға жуығы қазақ сыныптарын таңдаған. Құжаттар egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы қабылданып жатыр.  

Сондай-ақ өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарын лицензиялауға байланысты насихат қарқынды жүруде.

"Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу бойынша жұмысты бастады. Тиісті заң жобасы әзірленетін болады. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдар ашылғанда бірыңғай талаптар жоқ. Тек қана уәкілетті органға хабарлама берумен шектеледі. Хабарлама бермей жұмыс жасап жатырған балабақшалар да кездеседі", – деді Маңғыстау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының міндетін атқарушы Тәтітімбет Жұмалиев.

Лицензия алу кезінде мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкес болуы керек. Яғни лицензиялауда өрт қауіпсіздігі және денсаулық стандарттары, топтардағы балалар санының нормалары, мұғалімдердің біліктілік нормалары ескеріледі.

Мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда. Бірінші кезеңде жаңадан ашылатын білім беру ұйымдары жылына шамамен 200 балабақшаны, сонан соң жұмыс істеп тұрған, бірақ мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген  мектепке дейінгі ұйымдардан жылына 1-2% лицензиялау көзделген.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу