Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаеваның айтуынша, оқушылар облыстағы 185 мектепте білім алады. Барлық мектеп аптасына 5 күн, ал бір мектеп 6 күндікте оқиды.
"Оқу бағдарламасындағы ерекшелікке тоқталатын болсақ, қазақ тілінде оқитын мектептерде 1-сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Екінші сыныпта бағдарламаға орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Орыс тілінде оқитын мектептерде 1-сыныпта орыс тілі мен қазақ тілі, ал 3-сыныптан бастап ағылшын тілі болады", – деді Гүлмира Мамаева.
1-сыныптар үшін "Көркем еңбек" пәні "Бейнелеу өнері" және "Еңбекке баулу" болып екі жеке пәнге бөлінді. Бұл пәндер бойынша оқу бағдарламалары әзірленді. Оқу мазмұнында оқушылардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға негізгі басымдық беріледі. Ал 2-4 сыныптарға биылғы оқу жылында "Көркем еңбек" пәнін оқыту жалғасады. "Оқуға құштар мектеп" жобасы аясында 137 мың дана көркем әдебиет сатып алынды. Оқулықтар өңірге жеткізіліп, оқушыларға таратып берілді.
Жалпы өңірдегі барлық мектеп оқушыларының саны былтырғы жылмен салыстырғанда 9 мыңға артып, 175 мыңға жетті.
Тасым Жаңай