Маңғыстауда 1025 адам пневмониямен ауруханаға түскен

717

Әкімдік елге қажет парацетомолды Астраханьнан тасымақшы. 

Маңғыстауда 1025 адам пневмониямен ауруханаға түскен

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндау үшін онлайн брифинг өткізген облыс әкімі Серікбай Трұмов Instagram қолданушылардың сынына тап болды. Әкім COVID-19 індетіне шалдыққан маңғыстаулықтарға Астрахань мен Алматыдан дәрі күту керектігін айтқан болатын. Тұрғындар бұрын 4000 мың теңге тұратын дәріні алыпсатарлар 40 мың теңгеге ұстап отырғанын, дәрімен бірге дүкенде сатылатын ауызсудың да қымбаттап кеткенін, кейбір медициналық мекемелерде дәрігерге қаралу үшін 10 мың теңге төлеу керектігін айтып шағымданды. Дәрінің қымбаттап тұрғанын мойындаған әкім бір орынбасарын осы мәселені реттеуге бекіткенін айтып ақталды.

"Облыста 664 адам аталмыш індеттен жазылды. Бірақ өкпе қабынуы өршіп тұр. Өкпе қабынуына шалдыққан азаматтар саны 1025. Барлығы провизорлық стационарда ем алып жатыр. Дерттің өршуіне байланысты барлық елді мекенде провизорлық стационар ашылып жатыр. Ауылды мекендерді де қамтуға тырысамыз", – деген облыс басшысы жедел жәрдем қызметіне сұраныстың шамадан тыс артқанын атап өтті.

"Облыс бойынша күніне 700-дей шақырту түсіп жатыр. Оның 400-і Ақтау қаласына тиесілі. Бәрінен бұрын біз үшін дәрі-дәрмек тапшылығы өте қиын боп тұр. Облыстағы дәріханаларды дәрімен қамтамасыз ететін 4 ірі кәсіпкер бар. Қазір соларға көмектесіп, көлік жалдап, тасымалды жылдамдатып жатырмыз. Бұған дейін уәде етілген дәрінің алды келді. Барлық дәріханаларға таратылып жатыр. Тұрғындар бағаның түспей тұрғанына шағым айтады. Арнайы тапсырма бойынша комиссия құрылды. Бағаның негізден тыс өспеуін қадағалайды. Астраханнан парацетомол, аспирин дейтін дәрілерді тікелей алдырып жатырмыз. "Ерсай" компаниясы көмектесіп жатыр. Мен атаған 4 кәсіпкер Алматыдан күн сайын дәрі тасып, жеткізіп жатыр. Менің бір орынбасарым осы дәрі-дәрмектің бағасы мен әділ таратылуын реттеуге бекітілді. Ал ауруханаларда дәрі тапшылығы жоқ. "СК Фармация" толық қамтып отыр",  деді Серікбай Трұмов. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу