Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында өнер мектебі үшін дайын ғимаратты сатып алуға бюджеттен 145 млн теңге жұмсалған, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Еселеп ақша шашып, оның үстіне күрделі жөндеуден өткізуге тағы қыруар қаржы бөлгенше, бұл қаржыға су жаңа ғимарат салуға болатын еді. Алайда жаңа құрылысты бастауға ауылдан бос жер табылмаған көрінеді. Есесіне ескі ғимаратты сатып алуға қыруар қаржы табылғаны айтылды.
"ADILDIK JOLY" РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер мониторинг жүргізу барысында біраз кемшіліктерді анықтады. Атап айтқанда тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген құжатта сәйкессіздіктер орын алған.
Жалпы ауданы 550 шаршы метрді құрайтын ғимараттағы бөлмелер саны 32-ден кем болмауы тиіс, алайда мұнда бөлме саны бар болғаны 19 болып шықты. Сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың техникалық ерекшелігіне сәйкес, жуынатын бөлме саны 5-тен кем болмауы керек, бірақ өнер мектебінде жуынатын бірде-бір бөлме жоқ.
"Бұдан бөлек дәретхана қағазы мен сұйық сабын атымен жоқ, орындықтың көбі қирап жатыр. Ешбір бөлмеге жалюзи орнатылмаған және кейбір кабинеттер қаңырап бос тұр. Ғимраттың техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі күмән туғызып отыр. Ғимаратта өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Мониторинг жүргізу барысында ешқандай өрт қауіпсіздігі сақталмаған, бірде-бір датчик қойылмаған, өрт сөндіру құрылғысы орналастырылмаған. Еріктілерді алып келдік, қарап тексеріп шықтық, өнер мектебінің меңгерушісі де қатысты, мемлекеттік сатып алу келісім шартының талабында көрсетілген бірде-бір сәйкестік жоқ", - дейді өз сөзінде "ADILDIK JOLY" РҚБ Маңғыстау облыстық филиалының директоры Асқар Жақсыбаев.
Айта кету керек, өнер мектебінің жанында "Маздақ" аула клубы және "Ардагерлер үйі" орналасқан. Ғимараттың қолданысқа берілгеніне бір ай да болмапты. Орталықта түрлі аспаптарда сабақ оқытылады. Барлығы 500-ге жуық оқушы қосымша білім алады. Жергілікті атқа мінерлер бұл орталықтың ауадай қажет екендігін алға тартып отыр.
"Ақшұқыр ауылында бұған дейін балалар өнер мектебінің өз ғимараты болмады, ардагерлер үйінің де ғимараты болған жоқ. Ауылдың ақсақалдары әркім өз үйінің сарайына барып жиналып, жиындар өткізіп жүрді. Бірінші осы мәселе болды. Ал, өнер мектебі біздің Ақшұқыр ауылы әкімі аппаратының бірінші қабатында қыстырылысып, тап-тар бөлмеде отырды. Былай айтқанда, балаларға баратын жер болмады, сол себепті сатып алынған ғимарат", - дейді Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Айдос Елемесов.
Ғимаратты сатып алу кезінде заңсыздықтарға жол берілгендігі туралы дерек расталса, бұл іске сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдары араласауы мүмкін. Ал әзірге аудиторлық тексеру тағайындалатын болады.