Маңғыстау облысында 150 орынды аурухана салынады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі аурухана 1967 жылы 40 орынды тораптық теміржол ауруханасы ретінде салынған, ал бүгінгі күні аудандағы халық саны артып, 140 мыңға жетті. Емханада 52 дәрігер мен 107 медбике қызмет етеді.
"Мұнайлы ауданының құрылғанына дейін бұл жерде 2 дәрігерлік амбулатория мен 1 стационар ғана болды. Қазіргі уақытта 7 дәрігерлік амбулатория мен 3 стационар қызмет етеді. Халыққа жалпы саны 14 медициналық нысан қызмет көрсетеді", – дейді Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев.
2013 жылы 150 орынды аурухананың жобалық-сметалық құжаттамасы жасалды. 4 блоктан тұратын ауруханада перзентхана, хирургиялық, терапевтік, жұқпалы аурулар бөлімі, балалар және қосалқы диагностикалық бөлім қарастырылған. Қазір жобалық-сметалық құжат түзетуге жіберілді, шамамен 2017 жылдың мамыр айында дайын болады. Содан кейін оны денсаулық сақтау министрлігіне тағы да жолданады. Маусымның соңында бюджет бекітіледі. Осы айдың аяғында құрал-жабдықтың тізімі келеді.
"20 мамырға дейін Маңғыстау ауылында салынатын 150 орынды аудандық аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізіп, мемлекеттік сараптамасын алуға уақыт беремін. Сондай-ақ облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің бекітілуі кезінде Маңғыстау ауылынан салынатын 150 төсекті орталық аудандық аурухананың құрылысы жобасын қосуды ұйымдастырсын", – дейді әкім.
Сондай-ақ аймақ басшысы Мұнайлы ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Жалпы аумағы 800 шаршы метр ғимаратта 525 қызмет түрі көрсетіледі. Күніне ХҚКО қызметкерлері 500-600 адамды қабылдайды, уақытша тіркеуден өткізу кезінде күніне 1000 тұрғынға қызмет көрсеткен.