Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында туғанына 16 күн болған нәрестеге күрделі нейрохирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Нәрестеге менингорадикулоцеле диагнозы қойылған. Ота барысында заманауи медициналық технологиялар қолданылып, жүйке жүйесінің қызметін бақылау және ықтимал асқынулардың алдын алу үшін интраоперациялық нейромониторинг жүргізілді.
Күрделі операцияны нейрохирург Орын Ахмет Қайратұлы орындады. Оған ассистент ретінде Кенжевалов Ербол Сайлауұлы қатысты. Интраоперациялық нейромониторингті невропатолог Мулдашева Ботагөз Сапарқызы қамтамасыз етті. Анестезиологиялық қамтамасыз етуді анестезиолог-реаниматолог Дүйсенбек Амангелді Әшімханұлы жүргізді.
Мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде операция сәтті аяқталды. Одан кейін нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті ем қабылдады.
Қазір баланың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Нәресте ауруханадан үйіне шығарылды.
Алдағы уақытта балаға жоспарлы түрде оңалту шаралары жүргізіледі. Ол нейрохирург, невропатолог, уролог және ортопед мамандарының тұрақты бақылауында болады.
Бұл Маңғыстау облысында жаңа туған нәрестелерге күрделі әрі жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмекті жергілікті деңгейде көрсету мүмкіндігін кеңейтудегі маңызды қадам болды.