Маңғыстау облысында себепсіз сабақтан қалған оқушы қыздың әкесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін әкімшілік іс қаралды.
Сотпен анықталғандай, 2009 жылы туған қыздың әкесі кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру жөніндегі ата-ананың міндеттерін орындамаған. Ол бұл әрекетті әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталаған. Осылайша баласының 2024 жылғы 4 қараша – 7 желтоқсан аралығында 17 күн бойы сабақтан себепсіз қалуына жол берген.
"Сот отырысында азамат әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келісетінін, кінәсін мойындайтынын, жасаған әрекетіне өкінетінін, қазіргі таңда қызы мектепке қалмай барып жүргенін, қадағалап отырғанын көрсетіп, жеңіл жаза қолдануды сұрады. Сот ер адамды ӘҚБтК-нің 127-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 55 380 теңге әкімшілік айыппұл салынды. ️Қаулы заңды күшіне енді", - деп хабарлады Маңғыстау облыстық соты.