Маңғыстауда 2 трлн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асады деп жоспарлануда

589

Маңғыстауда үш инвестициялық жобаны іске асыру аясында 4 000 тұрақты және құрылыс кезеңінде 9 000 жаңа жұмыс орны құрылады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Маңғыстауда 2 трлн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асады деп жоспарлануда        Фото: inbusiness.kz

Маңғыстауда өңір экономикасын ілгерілету аясында сан түрлі салаға тартылған инвестиция есебінен ондаған жоба іске асырылып жатыр. Соңғы жеті жылда облыстың кешенді дамуына құйылған демеу қаржы көлемі 88%-ға өскен. Өңірде төрт мыңнан астам жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 2 трлн теңгеден астам 41 инвестициялық жобаның пулы қалыптасқан.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Жұмабай Қарағаев маңызы зор ауқымды жобалар жөнінде тың ақпаратпен бөлісті. Ауқымды жобалардың бірегейі – "Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов" кен орындары. Жобаны толық іске асыру 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

"2023 жылдың ақпан айында ҚР Энергетика министрлігі мен "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ арасында жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жалпы қоры 81 млн тонна мұнай қорын құрайтын кен орындарын игеруге жақсартылған модельдік келісімшартқа қол қойылды. Жобаға 6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылады. Жобаны ұйымдастырудың бастапқы кезеңінде 2 мың жұмыс орны құрылады. 2028 жылы өндіріс ісі басталып, жылына 4 млн тонна мұнай өндіру көзделген", - деді Жұмабай Қарағаев.

Жобалау жұмыстары былтыр басталды. Ал, келер жылдың соңында болат құрылымдардан теңіздегі кешен платформаларының құрылысын бастау жоспарланған. Кешен жағалаудан 64 шақырым қашықтықта "Қаламқас-теңіз" құрылымы аумағында орналасады.

"Kalamkas-Khazar Operating"ЖШС 2028 жылдың соңында "Қаламқас-Хазар" кен орнында алғашқы өндіріс жайлы жария ететіндігін, ал ҚМГ-ның шетелдік стратегиялық серіктесі ресейлік "Лукойл" мұнай компаниясы екенін айтты. Сондай-ақ, жобаны іске асыру үдерісіне қазақстандық верфтер мен металл конструкцияларын Ақтау, Баутино, Құрық порттарында өндіріс алаңдарын ашу  көзделгендігі  атап өтілді.

Инвестиция тартуға бағытталған тағы бір жоба полипропилен өндірісіне байланысты. Облыс әкімдігі әлеуетті инвесторлармен полипропилен өндіретін жаңа зауыт құру мәселесін пысықтау бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Жоба "KMG PetroChem"  компаниясының бастамасымен "Жаңа полипропилен қондырғысының құрылысы" жобасын іске асыру мәселесін зерделеу бойынша жұмыстар басталды. Келіссөздер оң нәтиже берсе құны 1 миллиард АҚШ долларын құрайтын зауыт 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде. Құрылысқа 3 мыңға дейін жұмысшы тартылады, ал нысанды пайдалануға бергеннен кейін 800 жұмыс орны құрылады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта аймақта белсенді зерттеліп жатқан тағы бір ірі жоба бар. Бұл — 980 миллион АҚШ долларын құрайтын темір зауытының құрылысы. "YDА" түрік компаниясы бастамашы болып, аталған жобаны іске асыру мәселелерін зерттей бастады. Зауыт "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағында орналасады деп күтіледі. Келіссөздер нәтижесінде жобаның 1 кезеңі 2026 жылы іске қосылады. Жоба аясында 2500 жаңа жұмыс орны құрылады, ал оның құрылысы кезінде 6 мың адам жұмыспен қамтылады.

Осылайша, аталған үш жоба арқылы өңір экономикасына 7,98 млрд көлемінде АҚШ доллары немесе 3,6 трлн теңге көлемінде инвестиция қаржысы құйылады.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу