Маңғыстауда 400-ден астам отбасы баспаналарын заңдастыра алмай жүр

680

Маңғыстау облысының Басқұдық ауылында 400-ден астам отбасы 7 жылдан бері баспаналарын заңдастыра алмай сабылып жүр. Жеке кәсіпкерден сатып алған жер учаскелері тұрғын үйге арналмаған болып шықты.  

Маңғыстауда 400-ден астам отбасы баспаналарын заңдастыра алмай жүр

Тұрғын үйге емес, өндірістік шаруашылыққа арналған жерге қаз-қатар тізілген үйлер 2013 жылы бой көтерді. Қолдарында жерді не баспананы растайтын құжаттары жоқ. Осылайша шамамен 450 үй, яғни 2 мыңға жуық тұрғын заңсыз салынған баспаналарда тұратын болып саналады. Енді олар өз үйлеріне тіркеуге тұра алмай, тіпті әлеуметтік көмек те ала алмай келеді. Ауылдықтар осы шағыммен облыс әкімдігінің алдына жиналды.

"Біздің жер не үкіметке, не жекеменшікке тиесілі болмай тұр. Бір жақты болу керек қой. Біз ауада тұрған жоқпыз. Біз өз үйімізде тұрғанымызбен, тіркеуіміз басқа жақта. Амал жоқ, солай тұруға мәжбүрміз",- дейді Басқұдық ауылының тұрғыны Меруерт Айтанова. Ал Болат Қошанов болса, жерді нақты ақшасына сатып алғанбыз. Біз тегін жер сұрап отырған жоқпыз. Бізге тек қана алған жерімізді заңдастырып берсе болды,- дейді.

Тұрғындар жер учаскелерін жеке кәсіпкерден сатып алғандарын айтады. Әрбір жер телімі 2 млн теңгеге саудаланған. Ал оның өндірістік мақсаттағы жер екендігін кейіннен біліп, сан соғып қалды. Тұрғындар алаяқтардың құрбаны болғанын кеш білді.

Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Есен Күмісқалидің айтуынша, бұл мәселені шешу үшін соттың шешімі керек. Тұрғындармен ақылдасып, олардың өкілі сотқа беріп, осы жерді рәсімдеу жөнінде құзырлы органға жүгінетін болып келіскен. Сонан соң оны жергілікті әкімдік сотта сүйемелдеу жасайды.

Енді мәселені шешудің 2 жолы бар. Біріншісі, құзырлы органдарға шағымдану арқылы, жерді заңдастыру. Екіншісі, сол тұрғын үйлер аумағын Мұнайлы ауданының бас жоспарына енгізу. Бас жоспарға енгізу процесі жыл аяғына дейін созылады.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу