Маңғыстау облысында алдағы жылыту маусымына энергетикалық инфрақұрылымды дайындау жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Электр желілерін күрделі жөндеу жоспары толық орындалды.
Биыл өңірде 536 шақырым электр желісін жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда жұмыстар толық аяқталып, 536 шақырым желі немесе жоспардың 100%-ы жөнделді.
Сонымен қатар 2 қосалқы станция, 77 тарату пункті, трансформаторлық және кешенді трансформаторлық қосалқы станцияларда күрделі жөндеу жүргізілді.
Жылу желілерін дайындау аясында биыл 11,4 шақырым желіні жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта оның 8,96 шақырымы немесе 78%-ы жаңартылды.
Өңірдегі электр станцияларында 3 қазандық агрегатына күрделі жөндеу аяқталды. Қазір 1 қазандық пен 3 турбинадағы жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жөндеу науқанының барысы Энергетика министрлігі Энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаментінің тұрақты бақылауында.