Денсаулық сақтау министрлігі Маңғыстау облысында психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бойынша жұмысты күшейтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
16–18 қыркүйек аралығында Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығында мониторинг жүргізілді. Мамандар медициналық көмекті ұйымдастыру, диагностика мен емдеу сапасы және пациенттермен жұмыс барысында белгіленген талаптардың сақталуын бағалады.
Сонымен қатар мамандар Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы алғашқы психикалық денсаулық орталықтарына, Мұнайлы ауданындағы психикалық денсаулық кабинетіне және ақпан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына барды.
Мониторинг қорытындысы бойынша өңірдегі медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыруға бағытталған ұсынымдар берілді.
Бүгінде Маңғыстау облысында психикалық денсаулық қызметінің динамикалық бақылауында 9 966 адам бар. Оның 2 549-ы – балалар мен жасөспірімдер.
Министрлік психикалық денсаулық бұзылыстарын ерте анықтау, дер кезінде көмек көрсету және қызметтердің тұрғындар үшін қолжетімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.