Маңғыстауда адам өлтірген прокурор түрмеге қамалмады

523

Оған шартты жаза тағайындалды. 

Маңғыстауда адам өлтірген прокурор түрмеге қамалмады Фото: Егемен Қазақстан

Маңғыстау облысында Мұнайлы ауданы прокурорының бұрынғы орынбасары Ақтау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарын өлтіргені үшін бір жарым жылға бас бостандығы шектелді, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform-ға сілтеме жасап.

Облыстық соттың хабарлауынша, прокурордың орынбасары жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соққаны үшін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен айыпталған.

Ал сотпен анықталған жағдай бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аудан прокурорының бұрынғы орынбасары жәбірленуші мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасарымен жанжалдасып соңы қайғылы оқиғаға ұласты.

Төбелес кезінде марқұм ауыр дене жарақатын алған. Соның салдарынан ол жерге құлап, есін жимастан қайтыс болды.

"Сотталушының кінәсі жәбірленушінің өкілі мен куәгерлердің жауабымен, сот сараптамасының қорытындысымен және істің басқа материалдарымен толық дәлелденді. Жарыссөз барысында мемлекеттік айыптаушы айыпты өзгертіп, сотталушыны қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады. Іс өзгертілген айып бойынша қаралды. Сот жаза тағайындау кезінде жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде сотталушының өз кінәсін мойындауын, шын өкінетінін, асырауында үш жас баланың, оның біреуінің үшінші топтағы мүгедек екенін ескерді. Ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Сот шешімімен аудан прокурорының бұрынғы орынбасарына өзгертілген айып бойынша Қылмыстық кодекстің 104-бабының 1-бөлігімен, яғни, абайсызда қазаға ұшыратқаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды" деп жазылған Маңғыстау облысы таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта сот үкімі заңды түрде күшіне енген жоқ.

Бұл іс апелляциялық сот алқасының қарауына берілгені мәлім болып отыр.

Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу