Есіктің қырындағы ағашты жұтып қойған 11 айлық сәбиді маңғыстаулық дәрігерлер дер кезінде құтқарып қалды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Баланың ата-анасы Болашақ ауылының жалғыз медбикесі Аннуза Кадыроваға хабарласып, көмек сұраған.
11 айлық сәбидің ата-анасы телефон шалып жағдайын айтып жедел түрде келуімді сұрады. Жұмыстан шығып кеткеніме қарамастан, жолдасым тезірек барып баланың жағдайын тексер деп жіберді. Бірден алғашқы көмек көрсеттім. Бұрын қызмет етіп жүргенде, адам бөгде зат жұтып қойса, май ішкізу керек дейтін. Сол есіме түсіп, қызыл май ішкіздім. Сәлден соң бала аздап демалып, жөтеле бастады. Дегенмен, тамағында тұрған бөгде зат бері қарай шықпады. Ауылдағы жедел-жәрдем маманы, ата-ана баласымен бірге 3 сағатты артқа тастап Жаңаөзен қаласына жол тарттық, - деді Қарақия ауданына қарасты Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Қадырова.
Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының басшылығы жолдың қолайсыздығына байланысты Өзенмұнайгаз мекемесінің бас директоры Нұрдәулет Қилыбайдан авокөлікпен жедел-жәрдем қызметкерлерін жолдан күтіп алуды сұраған. Құланды ауылына жеткен соң, Жаңаөзен қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының фельдшері Рамазан Есполов, көлік жүрізуші Аманбек Абдыев жедел түрде қалалық ауруханаға жеткізді.
Қарақия ауданына қарасты Болашақ станциясынан кешкі 18:30-да 11 айлық бала келді. Қарау барысында, бүлдіршінде мазасыздық, су ішпеу, ана сүтін ембеу, лоқсу белгілер болды. Анасының айтуынша жолда келе жатқанда 2-3 рет көгеріп, дем ала алмай қалған. Рентгенге түсіру барысында ешқандай бөгде зат анықталмады. Сол себепті лор дәрігермен бірге қарау ұйғарылды. "Фолея" атты катетер арқылы медициналық талаптарға сәйкес бала өңешінің жоғарғы үштен бір бөлігіне катетер жіберіліп, бөгде зат алдық, - деді Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург дәрігері Мақсат Унайбаев.
Жаңаөзенге Болашақ станциясынан жеткен 11 айлық баланың аман қалуына Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының хирург-дәрігері Мақсат Унайбаев, медбике Баян Мыңжанова, Болашақ ауылының медбикесі Аннуза Кадырова, жүргізуші Парахат Сегизов, қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері Рамазан Есполатов, жүргізуші Аманбек Абдыев септігін тигізген.
Мамандар баланы тәуліктік динамикада хирургиялық бақылауда ұстап, жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне жібергенін жеткізді. Бүгінде баланың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.