Маңғыстауда "Ақтаукрантехсервис" компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты

556

Маңғыстау облысы, Жетібай кен орнында "Ақтаукрантехсервис" ЖШС-і жұмысшыларының ереуілде тұрғанына бір апта болды.  

Маңғыстауда "Ақтаукрантехсервис" компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты Фото: лада кз

Сот серіктестік қызметкерлерінің  наразылығын заңсыз деп танып, шешім шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.   

Қарақия аудандық сотының мәліметіне сүйенсек, Жетібай кен орнының аумағында 9 наурызда сағат 7:00-де наразылық акциясын басталды. Олар өздерінің басшылығына бірқатар талаптар қойды. Қызметкерлер олармен үш жылға еңбек шарттарын жасасуды, инженерлік-техникалық құрамның ұжымын өзгертуді "Ақтаукрантехсервис" ЖШС мен "Трансабис" ЖШС-ні бір заңды тұлғаға біріктіруді, ай сайынғы жалақыны арттыруды, әлеуметтік тұрмыс жағдайларын жақсартуды сұрайды.

Сот жұмысшылапдың еңбек дауларын реттеу жөніндегі Еңбек кодексінің 16-тарауының талаптарын бұзғанын анықтады.

"Атап айтқанда, қызметкерлер жұмыс берушіге ереуіл туралы жазбаша түрде ескертпеді. Оны өткізуге негіз болып табылатын тараптардың келіспеушіліктерінің тізбесін: ереуілдің басталу күні, орны мен уақыты, қатысушылардың болжамды саны, ереуіл өткізу кезеңінде орындалатын қажетті жұмыстар бойынша ұсыныстар көрсетпеді. Сот шешімімен талапкердің талабы қанағаттандырылды. "Ақтаукрантехсервис" ЖШС қызметкерлерінің ереуілі заңсыз деп танылды", – делінеді аудандық соттың хабарламасында.

Шешім заңды күшіне енген жоқ. Ал, жұмысшылар өз талаптары орындалмайынша наразылықты тоқтатпақ емес.

"Біздің талабымыз – осы жылдың қаңтар айында жұмыстан шығарылған 80-ге жуық адамды жұмысқа кері қайтару. Мекемеміз "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ аумағында жұмыс істеп жатқандықтан "Қазмұнайгаз" компаниясы еңбекақы төлеудің біріңғай жүйесін қалыптастыруын талап етеміз. Жетібайдағы басшы құрамды түгел ауыстыруды сұраймыз", – дейді жұмысшылар.

Аталған талаптар орындалмаса, ереуілшілер наразылықты облыс әкімдігі ғимаратының алдында жалғастыруға бел буып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу