2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Маңғыстау облысында алимент төлеуден қасақана жалтарған 133 борышкер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың ішінде 27 адам қылмыстық, ал 106 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылған.
Прокуратураның мәліметінше, жауапқа тартылғандардың бірқатары бірнеше жыл бойы алимент төлемеу үшін әдейі жұмысқа орналаспай, табысы мен жұмыс орнын жасырған.
Мәселен, "Ы" есімді азамат сот шешімімен екі кәмелетке толмаған баласына табысының үштен бірі мөлшерінде алимент төлеуге міндеттелген. Алайда ол бұл міндетін орындамай, нәтижесінде алимент бойынша берешегі 3 млн теңгеден асқан.
Прокурорлық тексеру нәтижесінде оған қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот үкімімен борышкер кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін алимент бойынша берешек толық көлемде өтелді.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, есепті кезеңде ведомствоның араласуымен 95 млн теңгеден астам алимент берешегі өндіріліп, 395 кәмелетке толмаған баланың құқықтары қорғалған.
Прокуратура алимент өндіру және балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.