Маңғыстауда ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

540

Маңғыстау облысының Қызылтөбе-2 ауылының тұрғындары тіршілік нәрін талонмен алуға мәжбүр.  

Маңғыстауда ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай отыр

Су үшін олар күнде кезек күтеді. 90-шы жылдардың тоқырау кезіндегі күйді қайта кешіп отырғандарына наразы. 4 жыл бұрын ауылға су құбыры тартылған. Ауыз су әр үйге дейін жетеді деп уәде етілген. Барлығы сөз жүзінде ғана қалды. Құбырлар тұрып-ақ тозып барады.

"Бізге құбыр тартылған кезден бастап 4 жыл өтті. Содан бері ештеңе жасалмады. Біз су тасымалдаушылардан су сатып алуға мәжбүрміз. Бұрын төрт текше метрі 2200 теңге тұратын, ал қазір 2 800. Бұл баға талон бойынша алсаң. Талон жетпегенде жеке кәсіпкерлерден 4 000 теңгеден аламыз. Суды жеңілдік бағасымен алу үшін бір апта кезекте тұру керек. Төрт текше метр су екі аптаға жетеді", – дейді ауыл тұрғындары.

Жаздың аптап ыстығы ғана емес, күздің күні де су тапшылығы шешілмей тұр.

"Мұнайлы ауданы бойынша біздің тұрғындарға айына 35-40 мың текше метр су қажет. 13-15 мың текше метр су келеді. Біз бәрін қамтамасыз ете алмадық. "Каспий" су тұщыту зауытында қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Қараша айында аяқталады деген жоспар бар. Осыдан кейін біздің ауданға қажетті су көлемі бөлінеді", – дейді Мұнайлы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Қарасай Абыханов.

Шенеуніктердің айтуынша, қыста Қызылтөбе тұрғындарының мәселесі шешіледі. Оған дейін халық кезекте тұрып су алуды жалғастыра бермек.

Тасым Жаңай

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу