Жыл соңына дейін бөлінген 286 квота түгел бітті. Алайда, тағы 200-дей әйел кезек күтіп жүр. Статитикалық мәліметке сүйенсек, өңірде бедеулікпен тіркелген 1 500 отбасы бар, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Мемлекет басшысы Үкіметке "Аңсаған сәби" бағдарламасын іске қосуды, квотаны 7 есе арттыруды тапсырған еді. Содан бері 4,5 мыңнан аса сәби дүниеге келген. Оның 92-сі Маңғыстауда туды. Бұл туралы Ақтауда өткен "Отбасы денсаулығы - Қазақстанның болашағы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды.
Шарада еліміздің гинекология саласындағы білікті мамандары мен ресейлік ғалымдар жасанды ұрықтандыруға және ауыр жағдайдағы ана мен баланы құтқаруға қатысты озық тәжірибелерін ортаға салды. Жергілікті мамандардың үйренері көп. Шетелдік дәрігерлер жатырдағы шарананы да емделуші деп санайды екен. Іштегі балаға операция жасап, аман алып қалу үшін күш салады. Ал жасанды ұрықтандыру арқылы қазақ отбасы бірден егіз немесе үшем тууды аңсайды. Оның да өзіндік қаупі түсіндірілді.
"Жасанды жолмен бірден егіз не үшем салдырғысы келеді. Ондай бүгінгі таңда маңызды емес. Бір ғана ұрық салған асқынуларды азайтатындығына көңіл бөлді. Оның бәрін болашақ аналарға "Аңсаған сәби" бағдарламасымен жібергенде түсіндіріп айтуымыз керек. Жатырдағы сәбиге жасалатын операцияны үйрену де қажет. Барлық мамандар бірігіп аса ауыр халде түскен жүкті ананы аман алып қалу үшін жасалатын әдісті меңгерген дұрыс. Ресейлік әріптестер 490 грамм шақалақты аман-есен өчсіріп шығарғанын көрсетті. Әлі де үйренетін тәжірибе көп. Біздің де үйретеріміз бар", - деп атап өтті облыстық "Ана мен бала" перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова.
Ана мен бала денсаулығын сақтау, туу көрсеткішін арттыру және мерзімінен бұрын босану санын азайту - мемлекеттік саясатының басым бағыты саналады. Конференция жұмысында шетелден және еліміздің әр облысынан келген ғылым докторлары, профессорлар, медицина саласының мамандары дәріс оқып, тәжірибе алмасты.
"Басты бағыт - ана мен бала денсаулығы. Облыстағы демографиялық жағдайға тоқталсақ, туу көрстекіші 25,97 республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Ана мен нәресте өлімі көрсеткіштерінде соңғы жылдарда төмендеу бар. Ана өлімі шілде айында бір жағдай тіркелді. Медиуиналық-генетикалық тексерулер нәтижесіне тоқталсақ, 2022 жылы жүктілікпен тіркелген 3781 әйел генетикпен қаралған, инвазивтік пренатальдық диагностикадан 299-ы тексеріске жіберіліп, 167-і өткен. Барлығы 175 консилиум жасалып, 95 жүктілік тоқтатылған. Цитогенетикалық 478 кариотиптеу жүргізіліп, туа біткен хромосомдық ауытқулар саны- 234 анықталды", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров.
Жергілікті мамандардардың сөзінше, биыл аймақта нәресте өлімі азайып, көрсеткіш 86%-дан 59%-ға төмендеген.