Маңғыстау облысында біржолғы төлем тағайындауға 67 мыңға жуық адам өтініш берген. Оның ішінен 56 мың адамға төлем тағайындалды.
"Таратып айтсақ, бұл айтылғаннан 17 мың өтініш қалалық, аудандық штабтардың қарауында. Қалған өтініштер "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына электрондық іс-макетін жасақтау үшін автоматты түрде жолданды. 56 мың өтініш иесіне аталған төлем тағайындалды. Штабтарға түскен 17 мың өтініштің 9,5 мыңы қанағаттандырылып, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына электрондық іс-макетін жасақтау үшін жолданды. Сонымен қатар, шектеу шараларын ұзартылуына байланысты осы төлем қағидаларына өзгерістер енгізіліп отыр, яғни ең төменгі бір жалақы бір жарымға дейін өсірілген. Демек, өтініш иесіне 42 500 теңгенің орнына 63 750 теңге төленеді", – дейді Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әсет Шопанов.
Құжатқа сәйкес біржолғы төлемді белгіленген санатқа кіретін азаматтар ала алады.
Құралай Қуатова