Маңғыстауда биыл бес жарым мың түлек ҰБТ тапсырады

840

Өңір бойынша Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия аудандарында орналасқан – барлығы 4 ҰБТ өткізу пункті бар.  

Маңғыстауда биыл бес жарым мың түлек ҰБТ тапсырады

Биыл Маңғыстау облысында 6365 оқушы мектеп бітірді. Кешкі мектепте оқыған 434 бала да бар. Бұлардың ішінен еліміз бойынша 20 маусым күні өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге 5736 адам қатысуға өтініш беріп отыр.

"Өңір бойынша Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Бейнеу, Қарақия аудандарында орналасқан – барлығы 4 ҰБТ өткізу пункті бар. Білім басқармасы қазірде мемлекеттік білім сынағын бақылайтын комиссиялар құруда. Тестілеу нәтижелерінің ашықтығын қамтамасыз ету бағытында барлық аудиториялар салқындатқыштармен, орталық трансляцияға қосылатын бейнебақылау жүйелерімен, ұялы байланысты тұншықтырғыш құрылғылар мен метал іздегіштермен толық қамтамасыз етілмек. Ал Маңғыстау, Қарақия, Мұнайлы аудандарындағы шалғай ауылдарда тұратын мыңға жуық баланы мектеп автобустарымен тасымалдаймыз", – деді Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев.

Дегенмен, биылғы ҰБТ жылдағыдан өзгерек. Атап айтқанда, карантин кезіндегі санитарлық талаптарға сәйкес, орындардың арасындағы арақашықтық сақталып, оқушылар тест сынағы өтетін 54 аудиторияға бөлініп кіргізіледі, ондағы толымдылық 50 пайыздан аспауға тиіс екен. Сондай-ақ, ҰБТ уақыты уақыт маскалар ауыстыру, дезинфекциялау және дене қызуын өлшеу үшін он минутқа ұзартылып отыр. Ұлттық бірыңғай тестілеу пункттеріне кіретіндер ленталармен бөлінген арнайы орындарда тұрады. Бұдан басқа, әрбір ҰБТ өткізу пункттері дезинфекциялық тоннелдермен, санитайзер, маскалармен жабдықталып, кіреберісте үйден киіп келген маскалар ауыстырылады.

Бұл өзгеріс түлектердің  ата-анасына да тікелей қатысты. Биыл шоғырланудың алдын-алу үшін ата-аналардың тестілеу өтетін жерге келуіне тыйым салынады. ҰБТ барысын онлайн трансляциямен үйден қадағалау қажет. Онлайн трансляция барлық аудиториялардан  Youtube каналы арқылы тікелей трансляция тәртібінде жүреді. Сонымен қатар, ҰБТ өтетін уақыттарда жедел жәрдем қызметі, басқа да тиісті қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіледі.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу