Маңғыстау облысында 2018 жылы алты адам жемқорлық дерегін хабарлап, 914 мың теңге көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы алыпты. былтыр он үш адам адам 2,5 млн.теңге алған. Осы жылдың бірінші тоқсаны бойынша мұндай сыйақы алған адам әзірге тіркелмеген. Сондай-ақ, 2019 жылы ең жоғарғы сыйақы мөлшері -176 750 теңге, ең төменгісі – 101 000 теңге құраған. Бұл жөнінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Қаныбеков мәлім етті.
Сондай-ақ, аталған мекеме өңірдегі мекемелердің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сырттай талдау жүргізген. Оған сәйкес, "Қазавтожол" ҰК" АҚ облыстық филиалына қатысты кейбір заң бұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, филиал басшылығы қызметкерлерін жұмысқа қабылдау кезінде біліктілік талаптарын бұзыпты. Сөйтіп, сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы лауазымына талапқа сәйкес, арнайы орта немесе жоғары білімі бар, осы немесе ұқсас лауазымда кемінде үш жыл жұмыс жасаған маман емес, жоғары оқу орнын 2016 жылы бітірген, ешқандай тәжірибесі адам қабылданады. Белгіленген біліктілік талаптарын бұзу лауазымға қабылдау және тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің барын көрсетеді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетуден заңсыз бас тарту дерегі де анықталып отыр. Нақтылай кетсек, мекеме "TengeOil I Ga" ЖШС компаниясына "Жетібай – Жаңаөзен – Кендірлі – Түркіменстан шекарасы" автомобиль жолымен қиылысуды жобалау үшін техникалық шарттарды беруден екі рет бас тартады. Оның себебі ұсынылған құжаттарда "стандартта көзделген автомобиль жолымен қиылысу орны сызбасының болмауымен" түсіндіріледі. Алайда Серік Қаныбеков бұл сызбаның аталған қызметті атқару үшін қажетті құжаттар тізбесіне кірмейтінін және стандартта көзделмегенін айтады.
Құралай Қуатова