Маңғыстауда биыл жиырма мыңға жуық бала бірінші сыныпқа бармақ

681

Олардың сабақ дәптерлері бюджет есебінен алынады.  

Маңғыстауда биыл жиырма мыңға жуық бала бірінші сыныпқа бармақ

Маңғыстау облысында жаңа оқу жылында екі мектеп қашықтықтан оқыту тәсіліне көшпейді. Олар - Маңғыстау ауданы Бекі ауылы мен Қарақия ауданы қарасты Аққұдық ауылы. Қалған білім ошақтары түгелдей онлайн режимге көшеді деп жоспарланып отыр. Ал дәстүрлі түрде оқытатын қос мектепте карантиннің қатаң тәртібі сақталмақ.

Бұл жөнінде облыс әкімі Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың жаңа оқу жылы алдында өткізген брифингі кезінде мәлім болды. Аймақ басшысы хабарлағандай, өңірде 304 балабақша, 141 мектеп бар. Мектепке дейінгі тәрбие мекемелеріне 36 мыңның үстінде бүлдіршін баруы тиіс. Алайда, қазіргі кезде 1-6 жастағы 33484  бала кезекте тұрғанына қармастан балабақшаларға жолдама беру уақытша тоқтатылған. Өкінішке қарай, өңірдегі карантиндік шаралардың күшейтілуіне байланысты 7 шілдеден бастап кезекші топтардың жұмысы тоқтатылып отыр. Соған қарамастан республикалық ведомствоаралық комиссияның және өңірлік жедел штабының шешімімен жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында қызметкерлердің жалақылары толық көлемде төленіп келеді.

Сол сияқты, 1 қыркүйектен бастап 160 630 оқушы сабағын бастайды деп күтіліп отыр. Оның ішінде, 1 сыныптарға 19 900 оқушы келмек. Серікбай Трұмов биылғы ерекше күрделі жағдайды ескере отырып, бірінші сынып оқушылары толықтай жұмыс дәптерлерімен бюджет есебінен қамтамасыз етілетінін жеткізді.

Бүгінгі күні Маңғыстау облысының мектептерінде 168 педагогқа қажеттілік бар екен, оның ішінде, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мен математика, физика, химия, орыс тілде оқытатын бастауыш сыныптарының мұғалімдеріне қажеттілік басым. Сол себепті, жаңа оқу жылында басқа облыстардың жоғары оқу орындарынан педагогикалық мамандықтарды бітірген үш жүзге жуық түлек келеді деп күтіліп отыр. Мұнайлы өңірде мектептерді педагогикалық маманмен қамту – өткір тұрған мәселелердің бірі. Сұраныс бойынша келген мамандық иелеріне мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Мәселен, 2019-2020 оқу жылында "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында жұмысқа келген 502 мүғалімнің 322-сі бір реттік жәрдемақы алып, 180-і баспаналы болған еді.

"Жаңа оқу жылының қарсаңында облыс бойынша 9 мектеп пайдалануға беріліп, Ақтау қаласында 3600 орын болатын үш мектептің құрылысы басталады. Облыс бойынша 53 мектептің сыртқы әжетханаларын ішке орнату және 94 мектептегі бейнебақылау жүйелерін жаңарту және жетілдіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 312 млн. теңге қаржы бөлінді", - деді облыс әкімі Серікбай Трұмов.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу