Маңғыстауда "Бозжыра" визит-орталығының құрылысы басталды

255

Маңғыстау облысындағы "Бозжыра" шатқалында жаңа туристік жобаның алғашқы қазығы қағылды.  

Маңғыстауда "Бозжыра" визит-орталығының құрылысы басталды Фото: gov.kz

Бұл туралы inbusiness.kz сайты Маңғыстау облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа үлгіде салынатын визит-орталықта саяхаттаушыларға барлық жағдай қарастырылады. Онда келушілер орталығы, этно-кафе мен глэмпингтер бой көтермек. Сапар орталығының іргетасын қалау рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты. 

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бозжыра секілді тарихи, көрікті орындарда туризмді дамыту туралы нақты тапсырма берген болатын. Бүгін сол бастаманың алғашқы қадамы жасалуда. Мұндай сұлулығы көз тартар мекендер әлемде санаулы ғана. Біз тарихи тамырын сақтай отырып, бұл жерді заманауи туристік орталыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау – бір міндет болса, негізгі мақсатымыз – жергілікті тұрғындардың бұл жобаның игілігін көруіне мүмкіндік жасау. Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары ауылшаруашылық өнімдерін сатып, қосымша табыс таба алады. Бұл жоба аймақтың туристік әлеуетін дамытып қана қоймай, өңір экономикасына оң серпін береді деп сенеміз", – деді Нұрдәулет Қилыбай.

Жобада 17 глэмпинг павильоны, 50 қонақүй бөлмесі, жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын визит-орталық пен этно-кафе қарастырылған. Кешен құрылысы отандық инвестор – Pana Asia ЖШС-ның жеке қаржысына жүзеге асады.

Жоба авторларының айтуынша, визит-орталығы экологиялық талаптарға және тұрақты туризм принциптеріне толықтай сай келеді. 

Визит-орталық қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жобаланған. Биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн энергиясын пайдалану сияқты шешімдер көзделіп отыр. 

Өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге бағытталған кешен 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу