Маңғыстауда браконьерлік желілерден мыңнан астам бекіре балығы құтқарылды

399

Қыркүйек айында Маңғыстау облысы ҰҚК Шекара қызметі Каспий акваториясында екі мемлекеттік шекара бұзушыны ұстады.

Маңғыстауда браконьерлік желілерден мыңнан астам бекіре балығы құтқарылды Фото: Шекара қызметі

Сондай-ақ, аумақтық және ішкі су режимін бұзушылардың үшеуі ұсталды. Бұл туралы ҰҚК ШҚ өңірлік департаментінің баспасөз орталығында хабарлады. Табиғи тіршілік ету ортасына бекіре тұқымдас балықтардың 1311 данасы жіберілді.

"Құқық бұзушыларға 207 000 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, 109 шақырымнан астам браконьерлік аулау құралдары тәркіленді. Мемлекетке келтірілген залал 2 864 263 000 теңгені құрады", - деп түсіндірді Шекара қызметінің баспасөз орталығы.

1-31 қазан аралығында өңірдің шекара қызметі департаменті Атырау облысы мен ресейлік әріптестерімен бірлесіп жедел алдын алу шарасының екінші кезеңін өткізуде. Іс-шаралар Каспий теңізінде жүзудің қолайлы режимін сақтауға, браконьерлік қызметтің жолын кесуге және теңіз биологиялық ресурстарын қорғауға бағытталған.                                                                      

"Бірлескен іс-қимыл жүргізу кезеңінде Жағалау күзеті дивизиондарының шекаралық кемелері мен қайықтары, шекара бөлімшелері мен басқармаларының техникалық байқау топтары уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, күшейтілген режимде қызмет атқаратын болады", - деп атап өтті Маңғыстау облысы ҰҚК Шекара қызметі департаменті бастығының бірінші орынбасары Данияр Мальчубаев.                                                                                                                                   

Сәуір айында жедел алдын алу шарасының бірінші кезеңінде шекара ведомствосының бөлімшелері шекара режимін бұзған жеті адамды, мемлекеттік шекараны кескен төрт адамды, балық аулау ережелерін бұзған 10 және аумақтық, ішкі су режиміне нұқсан келтірген 32 адамды ұстап, 20 жүзу құралын тәркіледі.

"89 мың метрден астам тор, 6 600 метр ілмек жібі, 3 400 ілмек тәркіленді. Табиғи тіршілік ету ортасына 280 бекіре тұқымдас балық, 11700 жартылай асыл тұқымды балық және жеті итбалық шығарылды. Мемлекетке келтірілген залал 578 млн теңгені құрады. Қоршаған ортаға келтірілген залал 48 млн теңгеге тең",- деп хабарлады Шекара қызметінің баспасөз орталығында.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                       

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу