Амал мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысында қайырымдылық акциясы жарияланды. Шараны бірінші болып құрылысшылар қолдады, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Қайырымдылық шарасының басты мақсаты – өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға қолдау көрсету, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қамқорлық таныту.
"Қамтылатын 300 отбасының 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұратындықтан, ертең Жаңаөзен қаласына барып, сол отбасылармен танысып, жағдайын білетін боламыз", – деді кәсіпкер Самат Мұсабаев.
Шара аясында әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде, 10 отбасыға шама шарқынша көмек қолын созбақ. Әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Олар түрлі бағытта жүзеге асады.
"Аталған акцияға тұрмыстық жағдайы, күнкөріс деңгейі өте төмен, тіпті ертеңгі ас-суын қалай табарын білмей отырған, көмекке зәру облыс бойынша 300 отбасы іріктеліп алынды. Олардың тізімі мешіттен, жұмыспен қамту орталықтарынан сұралды. Біздің мақсатымыз оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік әперу емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру", – деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова.
Айжани Нұрланованың айтуынша бұл ізгі шараны телевизиялық жоба ретінде ұсынбақшы.
Құрылысшы кәсіпкерлер акцияны "челлендж" ретінде өңір мұнайшыларына жолдады.
Ал бүгін Маңғыстауда Амал мерекесі басталады. 300 атты керуен Ақтаудан Ақшұқырға, содан кейін Отпан тауға жолға шықпақ.