Маңғыстауда дәрігерлер жетіспейді

803

Маңғыстау облысында 276 дәрігер жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде анестезиолог-реаниматолог, жалпы тәжірибелі дәрігерлер мен эпидемиологтар тапшы.

Маңғыстауда дәрігерлер жетіспейді

Әсия Каналиева осыдан екі ай бұрын отадан кейін тексерілу үшін емханаға барған. Бірақ дәрігерлер қабылдауына түсе алмады. Олар алдын ала жазылып келу керегін айтқан. Онлайн жазылып, уақыты көрсетілген түбіртекті алып барса да, терапевт маман орнында болмай шықты. Бір ай бұрын кезекке тұрсақ та, дәрігердің кабинетіне кіре алмай жүрміз деп шағымданады.  

"Ақтаудағы емхана кезекпен де, алдын ала жазылумен де қабылдайды. Өзіміздің тіркелген уақытымызда барған кезде басқа адамдарды қабылдап жатады. Ұзақ күтіп отырамыз. Кейде кіре алмай қаламыз. Дәрігерлер орнында болмайтын кездер де болады. Дәрігер аз, емделуші көп", – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Әсия.

"Кезекке бір ай бұрын жазыламыз, сосын кіре алмай уақыт кетеді. Берекесіз тірлік. Ретсіз қабылдай береді. Жазылғаның не, жазылмағаның не бәрібір. Шаршап кетесің, науқастарға оңай емес", – дейді тағы бір тұрғын Жанар Масугутова. 

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері өңірде жетіспейтін 276 маманның орнын толтыру оңай емес екенін айтты. Биыл емдеу сауықтыру мекемелеріне 127 маман қабылданса да, Ақтаудың өзіне әлі 170 дәрігер керек. Басқармадағылардың айтуынша, баспанамен қамтамасыз ететін әлеуметтік бағдарламалардың барына қарамастан маман тапшылығы жойылмай отыр. 

"Жалпы тәжірибелік дәрігерлер жетіспейді. Ол біздің барлық бастапқы-санитарлық көмек көрсету ұйымдарына қажет. Ақтау қаласы жергілікті бюджет есебінен 75-ке жуық мамандар интернатурада және резинтурада дайындалып жатыр. Ол мамандар  дайындалып келгеннен кейін 5 жыл жұмыс жасап, оқуға шыққан шығынды өтейтін болады", – дейді Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының әкімшілік мамандармен қамту бөлімінің басшысы Айгүл Телегенова. 

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу