Маңғыстауда екі бірдей мұнай компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты

850

Наразы жұмысшылар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Маңғыстауда екі бірдей мұнай компаниясының жұмысшылары наразылыққа шықты

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Солтүстік Қаражанбас кен орнына тиесілі "Phystech 2" АҚ жұмысшылары жалақыны 100% көтеруді біраз уақыттан бері талап етіп келеді. Бірақ нәтиже жоқ. Олардың еңбекақысы 112-180 мың теңге аралығын құрайды. 

"Татуластыру комиссиясы құрылып, жалақыны тек 15% көтеруді ұсынғанымен біз оған келіспедік. Компания басшылары кейбір қызметкерлерді жұмыстан шығуға мәжбүрлеп, еңбек етуге кедергі келтіріп, әлеуметтік араздық тудырып отыр. Президент пен билік өкілдерінен жалақымызды 100% көтеріп, мәселені шешіп беруін сұраймыз. Президент "Еститін мемлекет" деп бекер айтпаған болар. Жаңа Қазақстан құруға жаңа реформалар қолға алынады деп сенеміз", - дейді жұмысшылар. 

Ал "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның субмердігер компаниясы "Oil Construction Company Охрана 007" жұмысшылары жалақының толық төленбеуі, оған қоса сыйақының берілмеуіне байланысты наразылық білдірді. Олар желтоқсанның соңына дейін барлық тоқсандық сыйақы мен еңбек демалысына қосымша берілетін сауықтыру төлемдерін төлеуді талап етті. 

"Осы қаражаттың барлығы төленбейінше біз жұмысқа шығуға қарсымыз. Бізге тиісті қаржы төленсін. Жалақымыз 100% көбейсін. Осыны бірауыздан талап етеміз", - дейді олар.

Қос компаниядан шыққан наразы топ жағдайды ушықтырмай, мәселені оң шешіп беруді талап етуде. 

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу