Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында мектепте құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан екі ер адамның үстіне бетон плита құлап кетті. Екеуі де ес-түссіз жағдайда облыстық ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Маңғыстау облыстық аурухананяың жедел көмек көрсету бөлімінің травматологы Тойлы Айтжанов айтты, деп хабарлайды Қазақпарат lada.kz сілтеме жасап.
Оқиға 25 наурыз күні кешкі сағат 19:30 шамасында болған. Құрылысшылар алдымен аудандық ауруханаға жеткізіліп, ертеңінде санитарлық авиация арқылы облыстық ауруханаға әкелінді. "Жараланғандардың бірі 1966 жылы туған ер адам. Жағдайы өте ауыр.
Ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйектің оң жақ бөлігі сынып миға зақым келген. Қазір ес-түссіз жатыр, ота жасалып жансақтау бөліміне жатқызылды", - дейді нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Гельман Чагай.
Екінші жігіт 1995 жылы дүниеге келген. Ол да ауыр бас сүйек-ми жарақатын алған. Сол жақ қабырғалары және иығы, сол аяғының сүйектері сынған бүйірінің көк еті сөгіліп кеткен.
"Екі пациент те жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Екінші жігіттің де жағдайы өте ауыр. МРТ жасалып жатыр, егер миына зақым келгені анықталса ота жасаймыз", - дейді Тойлы Айтжанов.