Маңғыстауда электр қуатының тарифін өсіру ұсынылды

658

Ақтауда ай сайынғы электр қуатының төлемін орташа есеппен сағатына 200 кВт тұтынған кезде 250 теңгеге өсіру көзделген.

Маңғыстауда электр қуатының тарифін өсіру ұсынылды

"Маңғыстау жарық" ЖШС электр қуатының қолданыстағы тарифін қайта қарап, бағаны өсіру туралы Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне өтініш берді. Өйткені электр энергиясының қазіргі тарифі компанияны біраз шығынға батырып отырған көрінеді. Серіктестік дайын өнімді станциялардан сатып алып тұтынушыға жеткізу қызметін атқарады. Жарық бағасы барлық шығынды жаба алмай, тіпті негізгі өндіруші "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС-не төленетін қаражаттың өзін жабу қиынға соғады деген қаупін жеткізді мамандар.

"Қазір тарифтерді тежеу арқылы халыққа тиімсіз әдіс қолданылды. Бұл дифференциация шағын және орта бизнес субъектілері мен мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдарға қатысты әділетсіз төлем жасалғанын мойындау керек. Өйткені халықтан түсетін барлық жүктеме тұтынушылардың басқа топтарына аударылып келеді", – дейді компания директоры Ермек Дәулетпақов.

Мемлекет басшысының тарифтерді көтеруге 180 күн мораторий енгізуіне байланысты "Маңғыстау Жарық" ЖШС 2022 жылдың 1 тамызына дейін Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұтынушылары үшін тарифті өзгертпеген.

Қазір тұтынушылардың "Маңғыстау Жарыққа" берешегі 4 млрд 353 млн теңгені құрайды. Оның ішінде бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік коммуналдық мекемелер бойынша – 1 млрд 990 млн теңге, заңды тұлғаларда – 1 млрд 563 млн теңге, халықта – 1 млрд теңге қарыз төленбей тұр.

"Мораторийдің аяқталуына байланысты, сондай-ақ энергия өндіруші "МАЭК-Қазатомөнеркәсіп" ЖШС-нің электр энергиясын өндіруге шекті тарифті түзету туралы талабын ескере отырып, біздің компания тиісті департаментке тарифтің қолданыстағы деңгейін қайта қарау туралы өтініш берді. Ақтауда халықтың электр энергиясы үшін ай сайынғы төлемі орташа есеппен сағатына 200 кВт тұтынған кезде 250 теңгеге өседі", – дейді Ермек Дәулетпақов.

Бұл ұсынысты тиісті департамент қолдай ма? Қымбатшылық қысқан халық тариф бағасының да өсуін қалай қабылдайды? Күрмеуі көп мәселе уақыт еншісінде.

Тасым Жаңай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу