Маңғыстауда ереуілдеп жатқан мұнайшылар Нұрлан Ноғаевқа бейнеүндеу жолдады

1245

Олар мәселенің оң шешілетініне үміт артады.

Маңғыстауда ереуілдеп жатқан мұнайшылар Нұрлан Ноғаевқа бейнеүндеу жолдады

Маңғыстауда мұнай кеніштерін көлік қызметімен қамтамасыз ететін "West Oil Software" және "Oil Transport Corporation" компанияларының жұмысшылары жаңа әкімге бейнеүндеу жолдады. Мұның ішінде алғашқы мекеме тамыз айынан бері жалақыны арттыруды талап етіп, ереуілдеп жатыр. Ал "Ойл Транспорт Корпорейшэн" ЖШС 4 қыркүйек күні әріптестерін қолдап, қатарына қосылатынын жеткізді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

Бұл жолы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа үндеу жолдаған мұнайшылар оны жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтай отырып: "біз осымен 17 күн бойы бейбіт ереуілде тұрмыз, оған қойған талаптарымыздың орындалмауы себеп болып отыр, алты жұмысшы жұмыстан қысқарды", - дейді. 

Айта кетейік, "West Oil Software" компаниясының жұмысшылары 23 тамыз күні жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп ереуіл жариялаған болатын. Кейін жұмыс беруші сотқа жүгініп, 7 қыркүйек күні ол бойынша азаматтық істі қараған Қарақия аудандық соты қарсылық шарасын заңсыз деп таныды.

"Жұмысшылар бұған дейін жұмыс берушіге татуластыру комиссиясын құру және еңбек келісім шартын жасақтау туралы жазбаша талаппен жүгінген. Өз кезегінде жұмыс берушінің 24 маусым 2021 жылғы бұйрығымен ҚР Еңбек кодексінің талаптарына сай, ұжымдық келіссөздер жүргізу комиссиясы құрылған. Алайда, жұмысшылар өкілінің жұмысшылардың атынан өкілдік етуге құзыретін растайтын құжаттары мен ҚР Еңбек Кодексінің 164-бабы 2 бөлігіне сай, кворумның қатысқанын растайтын құжаттарды тапсырмағандықтан, жұмысшылардың талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Осылайша аталған дау татуласу комиссиясы мен еңбек төрелігінде қаралмаған. Ереуілдің ҚР Еңбек Кодексінің талаптарын сақтамай өткізілуіне байланысты және дауды қараудың сотқа дейінгі тәртібі сақталмағандықтан, жұмыс берушінің талабы қанағаттандырылды", - деп хабарлайды Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енбеген. 

Белгілі болғандай, "West Oil Software" және "Oil Transport Corporation" компанияларынан өңірдің жаңа басшысына бес жүзге тарта адам жүгінген. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу