Өткен айда өңірде заңсыз есірткі айналымына байланысты 36 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 12 есірткі қылмысы тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар есірткі заттарын өткізу бойынша – 24 дерек, есірткі заттарын сақтау бойынша – 8 дерек және есірткі немесе психотроптық заттарды тұтынуға көндіру бойынша бір дерек анықталды.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде заңсыз айналымнан 940 грамм есірткі тәркіленді. Оның ішінде 515 грамм марихуана, 25 грамм синтетикалық есірткі, 30 дана тропикамид, 397 грамм героин және 3 грамм апиын бар. Қылмыстық істер аясында 12 адамға қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылып, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Профилактикалық жұмыстарға ерекше көңіл бөлінуде. Есепті кезеңде 83 алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, оған жастар мен еріктілерді қоса алғанда 6 мыңға жуық азамат қатысты.
Ақтау қаласының қоғамдық орындарында есірткіні насихаттайтын 40 граффити жазуы анықталып, жойылды. Сонымен қатар есірткі және олардың аналогтарын жарнамалайтын әрі таратумен айналысқан 125 интернет-ресурс бұғатталды.