Маңғыстауда есірткіге қатысты 80 құқықбұзушылық анықталды

472

Маңғыстау облысында жыл басынан бері есірткіге қатысты 80 құқықбұзушылықтың 60-ы есірткі қылмысына қатысты теріс қылық пен 20 есірткі қылмысы дерегі тіркелген.

Маңғыстауда есірткіге қатысты 80 құқықбұзушылық анықталды Фото: google

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Алтынай Әмірғалиеваның айтуынша, нашақорлықты алдын-алу үшін өңірімізде 32 профилактикалық іс-шара, сондай-ақ жасөспірімдер мен ересектерге түсіндірме жұмыстары өтті. Сонымен қатар, Ақтаудағы қоғамдық орындарда 255 граффити жазулары анықталып, 25 интернет сайты бұғатталды. 

“Облыста есірткілік мас күйінде көлік жүргізу, дәрілерді рецептсіз беру және лицензиялау нормаларын бұзу секілді әкімшілік құқықбұзушылықтар орын алып жатыр. Оларға жаза қолданылып, ескертулер жасалды. Сонымен қоса, есірткі саудалайтын интернет-дүкендер мен бірнеше телеграмм желісі бұғатталып, халықты есірткіге еліту салдары, зиянды әдеттерден бойды аулақ ұстау жөнінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр”, - деді Алтынай Әмірғалиева.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысы білім басқармасының бөлім басшысы Құралай Газимова бүгінде жасөспірімдер мен оқушыларға нашақорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқандығын айтты. Соған байланысты орта білім ошақтары мен мектептен тыс мекемелер биылғы оқу жылында 2000-нан аса шара өткізіп, оған 130 000-ға жуық балалар қатысқан. 

“Басқарманың тапсырмасымен білім беру ұйымдарында 17-27 сәуір аралығында "Есірткісіз болашақ" онкүндігі ұйымдастырылуда. Басты мақсат білім алушылар арасында нашақорлыққа тәуелділікті жойып, ата-аналар мен оқушыларға және студенттерге профилактикалық жұмыстарды жүргізіп, түрлі спорттық сайыстар мен вебинар-кеңестер өткізу”, - дейді Құралай Газимова.

Ал, Маңғыстау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Мади Токанов ата-аналардың балаларының не істеп, қайда барып жүргендігіне баса назар аударып, ашық сөйлесу керек екенін тілге тиек етті. Ата-ана тарапынан балаға деген салғырттық салдарынан бүгінде облысымызда 1 жасөспірім нашақорлыққа байланысты тіркеуде тұр. 

“Ата-аналарға айтарым, балаларыңызды жіті қадағалауды ұстаңыздар. Қандай ортада жүргеніне аса мән беріп, ұялы телефондарын жиі тексеріп тұрыңыздар. Себебі, қазіргі таңда әлеуметтік желілер арқылы тауарларын сатып, жасөспірімдердің миын улайтындар жетерлік. Алдын-ала сақтанып, қолдан келген шараларды үй жағдайында жасаңыздар”, - дейді Мади Токанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу