Маңғыстауда ежелгі қалашықтың құпиясы ашылуда

277

I–VI ғасырларға жататын ескерткіштен бірегей олжалар табылуда.  

Маңғыстауда ежелгі қалашықтың құпиясы ашылуда Фото: gov.kz

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығында археологиялық зерттеулер жалғасып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл ескерткіш ежелгі халықаралық сауда байланыстары жүйесіндегі Қазақстанның орнын қайта бағалауға мүмкіндік беріп отыр.

2006 жылы анықталған қалашықты 2022 жылдан бері Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде 24 ғылыми еңбек, оның ішінде 3 монография және Scopus базасында индекстелетін 9 мақала жарық көрген.

Ғалымдардың мәліметінше, Қарақабақ ірі өндірістік-қолөнер және сауда орталығы болған. Мұнда металлургия, зергерлік өнер, шыны және қыш өндірісі дамыған. Сондай-ақ Еуразияның әртүрлі аймақтарынан әкелінген импорттық бұйымдар табылған.

"Ғылыми тұрғыдан ерекше қызығушылық тудыратын олжалардың бірі – біздің заманымыздың I ғасырынан VI ғасырдың бірінші жартысына дейінгі кезеңге жататын 150-ден астам тиыннан тұратын коллекция. Олардың қатарында Парфияның, Ежелгі Хорезмнің, Бұхара Соғдысының, Сасанидтік Иранның, Кушан-Сасанид мемлекетінің, Византия империясының және Қытайдың теңгелері бар. Бұл олжалар Қарақабақтың өз дәуіріндегі халықаралық сауда-экономикалық байланыстарға белсенді қатысқанын дәлелдейді", – деді археолог Андрей Астафьев.

Зерттеушілер Қарақабақты Ұлы Жібек жолының тармақтарының бірі және Азов–Каспий сауда дәлізінің маңызды орталығы болуы мүмкін деген болжамды қарастыруда.

Жуырда табылған VI ғасырға жататын көне құмыра да қалашық тұрғындарының тұрмысы мен қолөнері туралы тың деректер бермек.

"Қарақабақ Маңғыстау тарихы мен Қазақстанның ежелгі халықаралық коммуникациялар жүйесіндегі орнын жаңаша пайымдауға мүмкіндік береді. Археологиялық олжалар бұл өңірдің ғасырлар бойы Шығыс пен Батысты жалғаған сауда жолдарының маңызды буыны болғанын дәлелдейді. Ескерткішті одан әрі зерттеу Ұлы Жібек жолының дамуы туралы жаңа мәліметтер алуға және қазіргі Қазақстан аумағында жүрген тарихи үдерістерді ғылыми тұрғыдан тереңірек түсінуге жол ашады", – деді археолог Андрей Астафьев.

Ғалымдардың айтуынша, соңғы жылдардағы нәтижелер Маңғыстаудың ежелгі құрлықаралық сауда және мәдени байланыстар жүйесіндегі маңызын айқындай түсуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу