Маңғыстауда ғарыштан 148 қоқыс-қалдық орны бары анықталған

1280

Қазіргі күні оның 85 пайызы тазартылған. 

Маңғыстауда ғарыштан 148 қоқыс-қалдық орны бары анықталған

Маңғыстау облысында ғарыштық мониторинг көмегімен 148 рұқсат етілмеген қоқыс-қалдық орны анықталды. Мұның ішінде, Ақтау қаласынан 84, Мұнайлыдан 48, Түпқараған ауданының 16 аумағында анықталды. Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Руслан Төкеновтің айтуынша, көрсетілген учаскелер жергілікті атқарушы орган мамандарымен бірлесіп 100 % тексерілген.

"Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар бизнес қауымдастықтарды тарта отырып, Ақтау қаласы бойынша 37, Мұнайлының  33 және Түпқараған ауданының 15 аумағындағы нүктелер тазаланды. Сөйтіп, 148 рұқсат етілмеген қалдықтар учаскесінің 85-і кәдеге жаратылды. Сонымен қатар, биыл Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау және Қарақия аудандарының айналасында ғарыштық мониторинг аймағын кеңейту жоспарлануда",–дейді Руслан Төкенов. 

Сондай-ақ, облыстық 15 жерінде мұнай кеніші бар "Маңғыстаумұнайгаз"  АҚ-ның өндірістік қалдық жиналған 12 полигонын тазартып жатқаны белгілі болды. Қазіргі уақытта техникалық рекультивация жүргізу арқылы  9 полигон толығымен жойылған.  Биыл қалған қалған 3 полигон жойылмақ. Ал "Қаражанбасмұнай" АҚ бойынша былтыр 36 005 тонна жинақталған өнеркәсіптік мұнай қалдықтары қайтадан пайдаға асырылған.

Айта кететіні, өңірде ірі жер қойнауын пайдаланушылардың өнеркәсіптік қалдықтарды босқа жоймай, мүмкіндігінше, қайтадан кәдеге асыруы басты назарда ұсталып отыр екен. Бұл ереже тек мұнай-газ өндірісіне емес, Шетпе ауылындағы қиыршық тас шығаратын карьерлердің қызметіне де қатысты қолданылуда.    

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу