Маңғыстауда газ құбыры тұрғындардың үрейін ұшыруда

613

Маңғыстау облысы Қызылтөбе ауылының тұрғындарын ескірген газ құбырлары алаңдатып отыр. Көгілдір отын жүйесі жер астымен жүргізілген. 10 жылға жарамды құбырлардың қолданысына 30 жыл болған. 

Маңғыстауда газ құбыры тұрғындардың үрейін ұшыруда

Әбден ескірген жүйелерден жиі ақау шығып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Бір қызығы, мұнда газ құбыры жер астымен әрі үйлерге тым жақын жүргізілген. Апаттық жағдаймен тиісті мекемеге жиі қоңырау шалынады. 

"Әр жерден газ далаға кетеді, сол үшін үйге дұрыс келмейді. Жаз күндері исі енді қатты мүңкиді. Балалардан қорқамыз көшелерде ойнайтын, бірдеңесін қозғап кете ме, жарылып кете ме деп үрейленеміз", – дейді ауыл тұрғыны Роза Мұсағалиева.  

Ауылдағы бір көшеге ғана газ жер үстімен жүргізілген. 10 жыл бұрын басталған іс аяқсыз қалды. Бұл жайтты аудан билігі де жоққа шығармады. Олардың айтуынша, мердігер мекеме жобаны өз қаражатымен бастап, соңына дейін бітірмеген. Бірнеше шақырымдық газ желісін жер үстіне шығару ісі қомақты қаржыға тәуелді. 

Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Нұрбек Қарасаев бұл мәселе туралы былай деді: "Жер астында болғасын судың әсері бар, жалпы темірдің таттануы бар сол жерде газ құбыры ескіріп, шіру мәселесі орын алу қаупі бар. Әр түрлі жағдайларға алып келуі мүмкін. 9 көшедегі жер асты құбырлары бойынша сметалық жоба жасақталды".  

Қызылтөбе ауылы Ақтау қаласынан 18 шақырымда орналасқан. Оның құрылғанына 50 жыл. Қазір ауылда 30 мыңнан астам халық тұрады. Солардың қауіпсіздігі үшін газ мәселесін шешу уақыт күттірмейді. Ескі құбырларды ауыстыру үшін 700 млн теңге қажет. Аудан әкімдігі облыс бюджетінен қаржы сұрап отыр. Қаражат дер кезінде бөлінсе, құрылысты келесі жылы бастауға дайын.

Алмас Қылыш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу