Маңғыстау облысындағы Аташ ауылында асфальт жолды газ құбыры арқылы өткізіп салған. "Бүртүрлі" көшені суретке түсіріп алған тұрғындардың наразылығынан кейін, Түпқараған ауданының әкімдігі болған жайға түсініктеме берді.
"23 қыркүйек күні 18-30 сағатта "Бек-АқтауГазСнаб" ЖШС мердігер компаниясының жұмысшылары ауылда салынып жатқан көшеге газ құбырын айналып өтпестен, асфальт төсеген. Ол кезде учаскеге жауапты маманның жұмыс орнында болмағаны анықталды. Бұған дейін аудандық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы құрылыс компаниясына норманы сақтап, газ құбырының екі жағынан 5 метрден қалдырыңдар деп тапсырған, алайда, құрылысшылар оны жасамаған", - деп ақталады аудан басшылығы.
Қазіргі күні көшенің дау туғызған жеріне демонтаж жасалып, асфальт жабынды алынып тасталған. Газ құбыры "ҚазТрансГазАймақ" АҚ техникалық талаптарына сәйкес ауыстырылмақ. Тұрба ауысқаннан кейін жол қайтадан төселеді.
Құралай Қуатова