Қазақстанның батысында, Маңғыстау облысында "Бірлестік-2024" халықаралық әскери оқу-жаттығуы басталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, жаттығуларға Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген әскери контингенттер қатысады.
Әскери маневрлер "Оймаша" полигонында, сондай-ақ Тоқмақ мүйісінен екі шақырым жердегі теңіз учаскесінде өтеді.
"8-17 шілде аралығында әскери контингенттер қарулы қақтығысты оқшаулау бойынша бірлескен операция дайындап, жүргізеді.
Оқу-жаттығуға 4 мыңға жуық әскери қызметші және 700-дей қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылатын болады. Тактикалық эпизодтар жердегі және әуедегі барлау топтарының, теңіз арнайы күштерінің, армиялық және майдандық авиация экипаждарының, әскери кемелер мен катерлердің, артиллериялық есептоптардың, шабуылдаушы және танк бөлімшелерінің қатысуымен өтеді", – делінген хабарламада.
Оқу-жаттығу аясында мәдени-демалыс және спорттық іс-шараларды өткізу де қарастырылған. Әскери-қолданбалы спорт түрлері, "Бағдар" тактикалық бағдарлау және армиялық тактикалық атыстар бойынша жарыстар өтеді.