Маңғыстау облысында жұмыс берушіге бірқатар талаптар қойып, наразылық білдірген "Industrial service resources" ЖШС қызметкерлерінің шағымы қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта жұмыс қалыпты жағдайда жалғасуда, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Айта кетейік, аталған мекеме "Қаражанбасмұнай" АҚ-на келісім-шарт негізінде уақытша аутсорсинг қызметтерін көрсетумен айналысады. Мердігерлік мекеме жұмысшыларының бір бөлігі жұмысқа ескертусіз шықпай қалғаннан кейін компания басшылығы Қаражанбас кен орнына барып, жай-жапсарды анықтаған. Белгілі болғандай, ISR мекемесінде жұмыс істейтіндердің талабы – аутсорсингте жасайтын барлық жұмысшыны бірдей "Қаражанбасмұнай" АҚ штатына қабылдау, жалақыларын теңестіру, сондай-ақ, әлеуметтік пакеттерін жақсарту болған.
Басшылықпен өткен кездесу нәтижесін беріп, көтерілген мәселелер заң аясында шешілетін болды.
"Қаражанбасмұнай жыл басынан бері штаттық және аутстаффинг жұмысшыларының еңбек шарттары мен жалақысын теңестіру бойынша аталған 570 қызметкерге акционерлермен келісе отырып, негізгі шарттан тыс қосымша сома бөлді. Нәтижесінде сол лауазымдар бойынша ISR-дің 515 жұмысшысының жалақысы ҚБМ-ның штаттық жұмысшылары алатын жалақымен теңестірілді. Қалған 55 қызмкеткердің лауазымы ҚБМ штатындағы лауазымдарға сәйкес келмегендіктен, олардың жалақысын теңестіруге заңды түрде мүмкіндік болмады. Дегенмен, КБМ-ның штаттық қызметкерлері жалақысын индекстеу кезінде, басшылық аталған 55 жұмысшының еңбекақысын 4 пайызға өсірді. Алдағы уақытта тағы да өсіру мүмкіндіктерін қарастыру жоспарланып отыр", - деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.
Ал аутсорсинг әдісімен қызмет ететін жұмысшыларды "Қаражанбасмұнай" АҚ негізгі штатына қабылдауға жарияланған мораторий кедергі келтіреді екен. Сол себепті, жұмысшыларды кезең-кезеңмен ауыстыру жайы бір ай ішінде қаралмақ. Ол үшін конкурстық комиссия құрамына арнайы ISR өкілі енгізіледі.
Осылайша, қазіргі күні облыс бойынша онға жуық кәсіпорын жұмысшылары өздерінің талабын ашық білдірді. Олардың ішінде өрт сөндірмен айналысатын "Семсер-Өрт сондiрушi" ЖШС мен электр энергиясымен қамтамасыз ететін "Өзенэнергосервис" МКК қызметкерлеріне қатысты еңбек даулары қарастырылып жатыр. Ал Жаңаөзендегі "Медикер" орталығы қызметкерлерінің шағымы оң шешімін тапты.
Құралай Қуатова