Мұнай өндіру процесі тоқтаған жоқ. Ереуілшілер бір апта бұрын басшылықты наразылық акциясын ұйымдастыратыны туралы хабардар еткен.
"Компания басшылығынан жалақыны 100 мың теңгеге көтеруді сұраймыз. Осы жылдың наурыз айында біз ереуілге шықтық. Содан кейін басшылық біздің талабымызды орындауға уәде берді, бірақ уәде суға сіңгендей жоқ болды. Бүгін біз ереуілімізді ресми түрде тіркедік және соңына дейін баруға дайынбыз, басшылықтың шешімін күтеміз", – дейді кәсіпорын жұмысшылары.
Қызметкерлермен кездесуге прокуратура, еңбек инспекциясы және әкімдік өкілдері барып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қазір жұмысшылардың орташа жалақысы 250-300 мың теңге. Қымбатшылық қысқан қазіргі уақытта бұл табысқа ауыз жарымайды дейді жұмысшылар.
2021 жылғы компания өндіру цехы қызметкерлерінің жалақысын жалпы сомада 8%-ға арттырған. Бірақ оған қанағаттанбаған жұмысшылар осы жылдың мамырында жалақыны 100% көтеруді талап еткен еді. Олардың өтініші татуластыру комиссиясы мен еңбек арбитражы аясында қаралды.
"Еңбек төрелігінің 2021 жылғы 3 желтоқсандағы шешімімен 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақыны 37 мың 879 теңгеге арттыру туралы тараптардың келісіміне қол жеткізілді. Сондай-ақ 2022 жылы жалақыны қосымша көтеру және индекстеу жүзеге асырылмайтынына келісім жасалған.
Бірақ жұмысшылар биыл 16 ақпанда Үкіметке тағы да жалақыны 100% арттыруды талап етіп бейнеөтініш жариялады. Компания жұмысшылардың талаптарын орындауға қаржылық мүмкіндіктің жоқтығы туралы ресми жауап берді. Оған көнбеген жұмысшылар 2 наурызда өндірісті тоқтатты. Келіссөздер барысында қызметкерлер 12 талап қойды. Олардың бірі жалақыны 100 мың теңгеге ұлғайту. Талаптар осы жылдың наурыз-сәуір айларында татуластыру рәсімдері аясында қаралды. Еңбек арбитражының 29 сәуірдегі шешімі бойынша жұмысшыларға 1 мамырдан бастап тарифтік кесте бойынша ең жоғары жалақы белгіленді", – деп хабарлайды "Қарақұдықмұнай" ЖШС өкілдері.
Мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне, компанияның күрделі экономикалық жағдайына байланысты жалақыны 100 мың теңгеге көтеруден бас тартылды. Өйткені кенорнында 2016 жылдан бастап мұнай өндірісі 86%-ға төмендеп, суландыру 95%-дан асқан көрінеді. Яғни өндірілген 100 тонна өнімнің 95 тоннасы су, тек 5 тоннасы мұнай деген сөз. Электр энергиясы мен материалдарға шығындар да артты деп түсіндірген компания өкілдері жалақыны көтерудің реті жоқ екенін айтып, түсіндірме жұмыстарын жалғастырмақ.
Тасым Жаңай