Маңғыстауда қатты жауын салдарымен күресіп жатыр

767

Облыстың коммуналдық қызметтері екі ауысымен жұмыс істеуде  

Маңғыстауда қатты жауын салдарымен күресіп жатыр

Маңғыстау облысында күні-түні толассыз жауған жауын-шашыннан кейін кейбір көшелер мен тұрғын үйлерді су басып кетті. Соның бірі, Ақтау қаласындағы №19 шағынаудандағы "Тыныштық" тұрғын үй кешеніне қарасты үйдің шатырынан су кетіп, оның құрылысына жауапты "Mega Technology Company" ЖШС мамандары судың үйдің суағар құбырына қоқыс жиналуы салдарынан кеткенін анықтады. Аталған серіктестік басшысы Әліпбай Дүзмағамбетов қазіргі күні тұрғын үй мен ондағы пәтерлердің шығынын есептеп, өзі өтеп беруді мойнына алып отыр.

Сондай-ақ, қалаға жақын Мұнайлы ауданында да нөсер жауынның шамадан тыс жаууы салдарынан Маңғыстау ауылының орталық көше бойларына және Атамекен, Басқұдық, Дәулет, Батыр ауылдық округтерінің кейбір тұрғын үйлері мен көше бойларына жауын суы жиналып, 5 тамыз түнгі сағат 23-00-ден бастап ауданның барлық күш-құрылымдары, аудандағы мекемелер жұмылдырылып, арнайы техникалар шығарылып, мотопомпалар қойылып, тұрғын үйлер мен көше бойларын судан тазарту жұмыстары жүргізілді. 

Ал Форт-Шевченко қаласында "NCOC", "Атлас" компанияларының, "Түпқараған", "Ерзат" ЖШС, Төтенше жағдайлар және ауданға қарасты коммуналдық қызмет мекемелерінің су сорғыш көліктері мен басқа да техникалары, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен әскери  қызметшілер жұмылдырылып, каналдың осал жерлеріне топырақ төгіліп, биіктетіліп, бекіту жұмыстары жалғасуда. Суға кеткен бес  жеке тұрғын үйдің ауласы мен сарайы анықталып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Апаттан зардап шеккен тұрғындар мен мал шығыны жоқ.

Айта кету керек, облыстың коммуналдық қызметкерлері кешеден бері екі ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Дегенмен, ауа райының болжамы бойынша алдағы күндері өңірде тағы да қатты нөсер жауын жаумақ.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу