Маңғыстауда қиыршық тасты заңсыз өндірген компания анықталды

131

Облыстық экология департаменті "Шетпе тас" серіктестігіне қатысты экологиялық заңнама талаптарының сақталуын бақылау мақсатында, жоспардан тыс тексеріс жүргізді.   

Маңғыстауда қиыршық тасты заңсыз өндірген компания анықталды Фото: Видеодан скриншот

Нәтижесінде серіктестіктің Маңғыстау ауданы аумағындағы "Жаңа Орпа-2" кен орнында қиыршық тас өндіру қызметін қоршаған ортаға эмиссияларға арналған экологиялық рұқсатсыз жүзеге асырып келгені анықталды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қазақпаратқа сілтеме жасап. 

– Тексеру қорытындысы бойынша тексеру актісі жасалды. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды, – делінген хабарламада.

Экологиялық кодекстің 178-бабының 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды тұлғалар экологиялық заңнаманы бұза отырып, қызмет жүргізетін субъектілердің қызметін шектеу, тоқтата тұру немесе оған тыйым салу туралы талап-арызды сотқа беруге құқылы.

Осыған орай, Маңғыстау облыстық экология департаменті тарапынан "Шетпе тас" ЖШС-нің Маңғыстау ауданы, Шетпе кенті маңындағы "Жаңа Орпа-2" кен орнында 15.12.2006 жылы жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырып отырған қызметін тиісті экологиялық рұқсат алынғанға дейін тоқтата тұру туралы талап арыз Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жолданды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу