Маңғыстауда көтерем малдар құлап жатыр

3119

Маңғыстаулық тұрғынның суреттері көрген адамды шошытады.  

Маңғыстауда көтерем малдар құлап жатыр

Маңғыстау облысында құрғақшылықтың қолдағы малға қиын тигені, сол себепті төтенше жағдай жариялау сұралғаны белгілі, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.  

Дегенмен, малдың қазіргі жай-күйін жергілікті тұрғын Бердімұрат Төрекеновтің түсіріп, Фейсбук желісінде жариялаған фотосуреттері айқын көрсетіп, жұртшылықтың жағасын ұстатуда

"Ақшымыраудан 3-4 ағайынды жігіттер жылқы малдарын қырға алып шықты. Үш төрт күн жүріп әрең жетті. Келгенше 3-4 ірі қарасы өлді. Жүрмей қалған жылқыларын кезек-кезек тиеп, су беріп тынықтырып, он шақырым алдына әкеп тастайды. Қайтып барғанша тағы төрт-бесеуі сондай жағдайда, оны тағы әкеп тастап, тынықтырып, зорға жетті. Қызан ауылынан бір шаруашылық қой алып шықты, олар да үш-төрт күн жүріп зорға жетті. Шағыл төбе мен Өрмелі құлауымен шықты.... Қырға шығу үшін өзі жағдайы кетіп арықтан өлейін деп тұрған малға 16 шақырым сор бар, сол сор қазіргі таңда шаруашылыққа сор болып тұр" деген Бердімұрат тығырықтан шығудың бірнеше жолын ұсынады.

Оның бірі, су таситын көлік жүре алмайтындықтан айтылған ордың ішінде грейдермен жол салып, Бозащы түбегіне шығатын ыңғайлы да тіке жол ашу, сол сияқты, өз бетінше құдық қазып жатқан адамдарға қаржылай қолдау көрсету, себебі, ол жерлерден судың шығар-шықпасы белгісіз, ал шығыны шаш-етектен.

 Белгілі болғандай, қазіргі күні Маңғыстау облысы әкімінің тапсырмасымен ауылшаруашылығы саласына жауапты орынбасары Ғалымжан Ниязов бастаған жұмыс тобы Ақтөбе облысына барған. Ондағы мақсаты Маңғыстаудағы шаруалардың жеке төрт түлігіне қажетті мал азығын қамдау, көрші өңірдің кәсіпкерлерімен келісіп, өңірге жем-шөп жеткізуді ұйымдастыру деп көрсетілген.

"Маңғыстаулық делегация алдымен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарымен кездесіп, арнайы меморандум жасасты, шөп шабындығына байланысты келісімге келді. Мұнан соң сапар Ақтөбе өңірінің аудандарында жалғасты. Бейнеу мен Байғанин ауданы, Түпқараған ауданы – Темір ауданымен, Мұнайлы Алға ауданымен, Қарақия мен Мұғалжар ауданы, Маңғыстау ауданы Қобда ауданының өкілдері бірлесе жұмыстарын бастап кетті. Ертең жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, шабындық жерлерді аралап, техникаларымен танысады", - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

Облысқа жақын арада көршілес облыстардын мал азығы жеткізілетіні жөнінде бұған дейін жазған болатынбыз

Айта кетейік, елімізде қуаңшылық салдарынан малдың көтерем болып, арық-тұрақ күйге түскен, тіпті, бірнеше бас малдың қырылған деректері Маңғыстау облысымен климат жағдайы ұқсас Қызылорда облысының Арал-Қазалы аумағында да тіркеліп отыр.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу