Маңғыстау облысында қуаңшылықтан 536 бас жылқы қырылған. Бұл туралы Ауыл шаруашылы министрлігі Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның айтуынша, Түпқараған, Маңғыстау аудандарында шөп шықпаған.
"Маңғыстауда қуаңшылықтан 536 бас жылқы қырылды. Бұл – нақты ақпарат. Жергілікті ветеринария органдары мал қырылған аумақта залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Яғни биотермиялық шұңқырды қазып, өлген малды көмді", - деді директор.
Еркебұлан Ахметов малшылар жылқыларды шөбі шүйгін, шұрайлы жайылым уақытында жаймағанын, салдарынан мал әлсіреп қырылғанын атап өтті.
Сондай-ақ министрлік өкілі бүгінде 2 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
"Біріншіден, мал қырылмас үшін жедел шаралар қабылданып жатыр. Алдымен жемшөп жеткізу мәселесін шешу керек. Себебі, Маңғыстау өңірінде орташа температура 35-40 градус. Осыған байланысты жемшөпті басқа өңірлерден жеткізу қажет.
Екіншіден, ветеринарлық ұйымдар арқылы малдың нақты өлу себебін анықтау керек. Осыған сәйкес тиісті актілеу жұмыстары жүргізіледі. Шығынның мөлшерін анықтап жатырмын. Бұл 2 аптадан соң толық аяқталады", - деп түйіндеді сөзін директор.
Дәурен Ерболат