Маңғыстауда құс фабрикасы жұмысын тоқтатты

461

Маңғыстау облысында екі жыл ғана жұмыс істеген ірі құс фабрикасының 200 қызметкері жұмыссыз қалды.

Маңғыстауда құс фабрикасы жұмысын тоқтатты Фото: «Ақтау Агро» құс фабрикасы

"Ақтау Агро" құс фабрикасы 2021 жылдың көктемінде жұмысын бастаған еді. Кәсіпорын аймақта тауық етіне деген қажеттіліктің тең жартысын жабуға қауқарлы болды. Дағдарыстан жабылып қалған кәсіпорын туралы Мәжілісте депутат Динара Шөкіжанова көтерді.

"Бұл өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – қымбат азық-түлік пен жұмыссыздық. Үш жыл бұрын өңірде "Ақтау АГРО" құс етін өндіретін зауыт ашылды. Кәсіпорын 5 мың тоннадан астам құс етін өндіруге қауқарлы. Ал бұл көлем өңірдің қажеттілігінің жартысын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, ауылдың 200 тұрғыны осы зауытта жұмыс істеп жүрген еді. Алайда, биыл тамызда бұл зауыт жабылып, барлығы жұмыссыз қалды. Біз шеше алатын үш мәселе кәсіпорынның өзгеріссіз қалуына мүмкіндік береді. Біріншісі – 170 млн теңге көлемінде субсидия бойынша қарызды төлеу. Аккумулятор желісі бойынша негізгі мақсаттарға несие беру. Кәсіпорын несие сұрағанымен берілмеген. Сондай-ақ азық-түлік корпорациясының жемдік ресурстарынан жем-шөппен қамтамасыз ету. Ауыл шаруашылығы министрлігі, мұны қалай шешуге болады?", - деді депутат Динара Шөкіжанова.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек бұл жағдай туралы білетінін айтты.

"Ақтау АГРО" ЖШС жабылуының басты себебі – Уфадан тасымалданатын инкубациялық жұмыртқа. Уфадағы кәсіпорын құс тұмауына байланысты жабылғандықтан, Маңғыстау облысындағы кәсіпорын да жабылды. Агрокредиттік Корпорациядан кәсіпорын 5,6 млрд теңге көлемінде қаражат алды. Бүгінгі таңда олар инкубациялық жұмыртқа өндіретін кәсіпорын ашу үшін 3 млрд теңге сұрап отыр. Мәселе директорлар кеңесінің отырысында талқыланып, 17 қазанда шешімі шығады. Субсидиялар бойынша қарызы жоқ. Олар несие уақытын ұзартты. Ұзартылған кезде үстіндегі пайыз толығымен төленеді. Ал бұған кәсіпорын келіспеді. Дегенмен, бұл бәріне ортақ ереже. Азыққа келетін болсақ, азықтың сапасы төмендеді. Біздің азық-түлік корпорациясында 235 мың тонна жем бар. Маңғыстау облысына тасымалдау үшін 80%-ға дейін жеңілдік қарастырылған. Жем-шөппен ешқандай проблема жоқ. Инкубациялық жұмыртқа мәселесі шешілгеннен кейін басқасын да шешеміз",- деп атап өтті Әбілқайыр Тамабек.                                                                                                                     

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу