Маңғыстауда мемлекеттік қызметкердің жалақысы балмен есептеледі

771

Жаңа жүйе жалақы айырмашылығын азайтады екен.

Маңғыстауда мемлекеттік қызметкердің жалақысы балмен есептеледі

Екі жылдан бері Маңғыстау облысында пилоттық жоба ретінде жүзеге асып келе жатқан мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысын балдық шкала бойынша есептеу жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті. Оның дәстүрлі жалақы төлеу жүйесінен артықшылығы  – еңбекақы мемлекеттік қызметкердің жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты факторлық-балдық шкала бойынша есептеліп беріледі. Облыста екі жыл ішінде 1200 қызметкер жаңа жүйемен жалақы алған. Ал келер жылғы 1 шілдеден бастап олардың қатары 1500-ге артпақ.

"Факторлық балдық шкаланың енгізілуі, әсіресе, орталық атқарушы органдар мен жергілікті әкімдіктегі қызметшілер арасындағы жалақы айырмашылығын 70 пайыздан 20 пайызға дейін қысқартты. Осы факторлық-балдық шкала енгізілгелі бері Маңғыстау өңірінде мемлекеттік қызметтің имиджі артты деп айтуға болады. Оған нақты дәлелдеріміз де бар. Бұрын бір орынға өте аз үміткер болатын, қазіргі күні орташа алғанда екі жарым-үш адамдай болып тұр", – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері департаментінің Маңғыстау облысы бойынша басшысы Нұргүл Жанназарова.

Белгілі болғандай, өңірде мемлекеттік қызметтен кетушілердің саны төрт есеге азайған. Бұрынғы уақытта жергілікті әкімдіктерден өз еркімен кетушілер саны 7,5 пайыз болса, бүгінде бұл қызметке деген қызығушылық артыпты. Сондай-ақ, ауыл әкімдіктеріндегі маман тапшылығы мәселесі шешімін таба бастағаны байқалады. Мәселен, 2017 жылы 28 орын бос болса, биыл бар-жоғы екі орын вакантты екен. Тағы бір өзгешелік, жеке сектордан мемлекеттік қызметке ауысушылар көбейген. 
Маңғыстау мұнайлы өңір болғандықтан, тұрғындар көбінесе кәсіпшіліктерде жұмыс жасағанды қалап, мемлекеттік қызметке баруға көп ықылас таныта бермейтін. Сондықтан, аталған сектордағы кадр жетіспеушілігінің жойылып, тұрақтылықтың орнай бастауы оң тенденция ретінде айтылып отыр. Бұған карантин кезіндегі экономикалық өзгерістердің ықпалы тиуі де ықтимал.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу