Маңғыстауда мұз сарайы бойынша сот басталды

378

Маңғыстауда қысқы спорт түрінен нәтиже төмен.

Маңғыстауда мұз сарайы бойынша сот басталды Фото: Әлеуметтік желіден

Маңғыстау –  мұз айдыны жоқ жалғыз өңір. Мұзда мәнерлеп сырғанаушылар сауда орталығында орналасқан көпшілікке арналған мұзда жаттығады. Оның өзі өте қымбат, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Біз балаларымызды мемлекеттік мұз айдынына жаттықтырғымыз келеді. Олардың киімі, құрал жабдықтары қымбат. Оған қоса сағатына сауда орталығына ақша төлейміз. Сонан соң жаттықтырушыға бөлек төлейміз. Әр жас ерекшелігіне қарай қымбаттай береді. Біз жалақымыздың жартысын бір ғана баланың мәнерлеп сырғанауына төлеп отырмыз. Осылар чемпион болса, ертең еліміздің намысын қорғайды ғой. Сондықтан да билік мәселені тезірек шешуі керек", – деп қынжылды бір топ ата-ана.

Маңғыстауда қысқы спорт түрінен нәтиже төмен. Оған жаттығу орындарының болмауы себеп.

2500 көрерменге арналған мұз айдынын 2018 жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша салу қолға алынды. Чехиялық компаниямен келісімшарт жасалып, бастапқы сомасы 4 млрд 600 мың теңге болып белгіленді. Құрылыс басталар кезде жобаның 30 пайызын 1 млрд 550 мың теңге мемлекет төлеп берді. Бірақ қаражат талан таражға түсіп, жемқорлық дерегімен тергеу басталады.

"2019 жылдың аяғында сот қаулысы шығып құрылыс уақытша тоқтайды, сонан соң 2020 жылы пандемия әсер етіп, жұмыс жүрмейді. 2021 жылы құрылыс қымбаттауына байланысты жобаға қосымша 270 млн теңге сұрайды. Бірақ экономика басқармасы тарапынан қолдау таппайды. Бұрынғы қаржымен отандық компаниямен келісім жасалған. Бірақ жерді жалға беру мерзімі бітуіне байланысты құжат жұмыстарына біраз уақыт кетеді. Бұрынғы мердігер алған ақшасына тиісті жұмыстарды орындамауына байланысты сотқа арыз берілді. Іс соттың қарауында. Сот шешімін күтіп отырмыз", - дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш.

Сот қарашаның 18-де болады. Сот оң шешімін тауып, құрылыс аяқталғанша ата-аналарға да, спортшыларға да күтуден басқа шара жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу