Бірінші жобада кәсіпкер Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылынан жылыжай салып, 500 тонна қияр, 500 тонна қызанақ өсіруді жоспарлап отыр. Жоба облыс тұрғындарының көкөніске деген қажеттілігін өтеуге ықпал етеді. Шамамен нарықтағы қызанақтың 10,4%-ын және қиярдың 8,2%-ын қамтуды жоспарлайды.
Екінші жобада Қарақия ауданының кәсіпкері жол бойында жолаушыларға жайлы қызмет көрсету мақсатында хостел салуды көздейді. Жоба бойынша хостелдің жалпы аумағы – 400 шаршы метр.
Кезекті жоба бойынша Мұнайлы ауданының тұрғыны жеке шаруа қожалығында ірі қара мал бордақылау арқылы ет өнімдерін өндіру үшін жеңілдетілген несие сұрады. Кәсіпкер 40 бас сиыр мен 40 бас жылқы сатып алып, семіртіп, нарықтағыдан төмен бағамен ет саудаламақ.
Төртінші жобада жеке кәсіпкер комиссия мүшелеріне Жаңаөзен қаласынан "Репетиторлық орталық ашу" жобасын ұсынды. Орталықта алғаш ашылған кезде 3 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Комиссия мүшелерінің шешімімен 4 жоба да мақұлданды.
Айта кетсек, "Нұр Капитал" өңірлік бағдарламасы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беруге мұрындық болады. Іскер екінші деңгейлі банктен 8,5%-бен несие алады, оның 7,5%-ын мемлекет "Каспий" ӘКК" АҚ арқылы субсидиялайды. Нәтижесінде кәсіпкер несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің 1%-ын ғана төлейді. Несие сомасы – 30 млн теңге. Субсидиялау мерзімі 5 жылға дейінгі аралықты құрайды.
Алмас Қылыш